Туымыз Франция төрінде көтерілгенде төбем көкке жетті – Давид Дегтярев

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық парапауэрлифтинг шебері, Париж – 2024 Паралимпиадасының чемпионы Давид Дегтярев жемісті жеңістен кейін агенттік тілшісімен тілдескен еді.

Фото: Халықаралық олимпиада комитеті

«Kazinform агенттігінің оқырмандарына маған сеніп, қолдағаны үшін алғыс айтамын. Паралимпиаданың екінші мәрте чемпионы атанғанда, көк туымыз Франция төрінде көтерілгенде төбем көкке жетті», - деді Давид Дегтярев.

Сонымен қатар жеңімпаз әлемдік додаға дайындығы туралы айтты.

«2020 жылы өткен Паралимпиададан кейін жаттықтырушылар штабы әр спортшы үшін жеке бағдарлама жасап, дайындықты күшейтті. Әрине, қиынға соқты, бірақ маңызды қадам болды», - дейді ол.

Одан бөлек, параспортшы спорт саласындағы мансабын жалғастыратынын мәлімдеді.

«Әр спортшы өзіне ұнайтын саласын тауып, эксперименттен қорықпау керек. Кәсібің өзіңе ұнаған сәтте, алдыға мақсат қойып, соған жету керек екендігін ұғасыз. Алда жаңа рекордтар орнатып, Қазақстанды әлемге әйгілі етуді жалғастыра беремін», - деп толықтырды Париж Паралимпиадасының жеңімпазы.

Айта кетейік, Давид Дегтярев XVII жазғы Паралимпия ойындарының жеңімпазы атанды.

XVII жазғы Паралимпия ойындарында пара пауэрлифтингтен 54 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Давид Дегтярев 188 кг салмақты еңсеріп, алтын медаль жеңіп алды.

Президент Давид Дегтяревті екі дүркін Паралимпиада чемпионы атануымен құттықтады.