Туыстар мен достар аударған ақшаға салық салына ма

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда туыстар мен достардан немесе сыйлық ретінде алынған ақшаға салық салынбайды. Қандай жағдайда ақша аударымдарына салық салынбайтынын ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының сарапшысы Данагүл Сағынбек түсіндірді.

Фото: freepik

Маманның айтуынша, ең алдымен ақшаның қандай мақсатта аударылғаны ескеріледі. Егер қаражат жеке қажеттілік үшін берілсе, ол салық салынатын табыс ретінде есептелмейді.

— Туыстар арасында жеке мақсатта жасалған ақша аударымдарына салық салынбайды. Дәл осындай тәртіп достардан немесе сыйлық ретінде алынған қаражатқа да қолданылады. Осылайша, ақша жеке қажеттілік үшін аударылса, одан жеке табыс салығын төлеу талап етілмейді, — деді Данагүл Сағынбек.

Сарапшы мобильді аударымдарға қатысты хабарлама алған азаматтардың салық органдарына баруы қажет пе деген сұраққа да жауап берді.

— Ақпараттық push-хабарламаға жауап берудің немесе салық органына арнайы барудың қажеті жоқ. Ал камералдық бақылау нәтижесінде хабарлама келсе, азамат салық есептілігін тапсыруы тиіс. Егер анықталған сәйкессіздіктермен келіспесе, түсініктеме бере алады. Мұның барлығын салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы жасауға болады, — деп қосты ол.

Еске салайық, 8 қарашадан бастап Қазақстанда мобильді аударымдарды бақылау талаптары өзгерді.