Туыстардың атына мүлік рәсімдегендер қалай тексеріледі – активтерді қайтару

АСТАНА. KAZINFORM – Қымбат мүлікті туыстарының немесе басқа адамдардың атына рәсімдеу активтерді қайтарудан тыс қалдырмайды. Мұндай жағдайда құқық қорғау органдары мүліктің заңды иесі мен нақты бақылаушысы арасындағы байланысты, сондай-ақ тұлғалар мен олардың активтерінің өзара байланысын зерделейді.

Фото: видеодан алынған скрин

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Активтерді қайтару қызметінің басшысы Нұрдәулет Сүйіндіков «Bizdin orta» подкастында айтты.

Оның айтуынша, заңда мұндай жағдайлар арнайы қарастырылған. Мүлік басқа адамның атына рәсімделген кезде «байланысты тұлғалар» ұғымы қолданылады. Оған жақын туыстармен қатар номиналды тұлғалар, бизнес-серіктестер және басқа да байланысты субъектілер кіруі мүмкін.

– Бұл тетіктің мақсаты – активтің нақты бақылаушысы мен заңды иесінің арасындағы байланысты анықтау. Яғни қымбат мүлікті басқа адамның атына рәсімдеу оның активтерді қайтару жүйесінен автоматты түрде тыс қалатынын білдірмейді. Бір адамның айналасындағы бірнеше компанияны тексереміз, – деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Спикер атап өткендей, жиналған ақпарат негізінде түпкілікті шешімді прокуратураның өзі ғана қабылдамайды. Барлық материал Активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі арнайы комиссияның қарауына шығарылады.

Комиссияны Премьер-министр басқарады. Оның құрамына Құрылтай депутаттары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік орган басшылары және басқа да тұлғалар кіреді. Жалпы құрамында 20-ға жуық адам бар.

– Дәл осы құрам күдікке алынған адамды арнайы тізілімге қосу не қоспау туралы шешім шығарады. Егер адам арнайы тізілімге қосылса, әрі қарай активтерді қайтару бойынша егжей-тегжейлі жұмыс басталады, – деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Айта кетейік, Қазақстанда заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару тетігі 2023 жылғы 12 шілдеде қабылданған арнайы заңмен реттеледі.

Активтерді қайтару тетігі, ең алдымен, жоғары мемлекеттік лауазым атқарған немесе атқаратын тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне және олармен үлестес тұлғаларға қатысты қолданылады.

Подкаст қонағының толық сұхбатын мына жерден оқуға болады.