ТҮҚЖБ шаршы метрі 120 000 теңгені құрайтын пәтерлерді үлестірмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқармасының төрағасы Ляззат Ибрагимова және Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Енді жеке тұрғын үйлер бағдарлама аясында  шаршы метріне  120 000 теңге көлеміндегі бағамен өткізілетін болады. Ол үйлерді жекеменшік құрылыс салушылар салады. Тұрғын үй құрылысын салушылар мемлекеттен 7%-бен  алатын кредит бойынша көмекқаржының арқасында құрылыстың  бағасы  төмендетілді.

Бұл өңірдегі  жер телімін алу үшін кезекте тұрған адамдар саны - 100 000 қатарын құрайды.  Олар үшін алғашқы типтік коттедждерді   Федоровка, Тоқпай, Переметное и Дарьинск  ауылдарында салу жоспарланып отыр. Жалпы  айтқанда, 1 700 кезекте тұрғандар  жер телімін дайын үйімен бірге алатын болады. Ал, ол үйлерді сатып алуда оларға, әрине,  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жылдық 5 %-бен қолжетімді қарыз бере отырып, көмектеседі.

Сонымен қатар, Орал қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында  7 көппәтерлі тұрғын үй  салынып бітті. Оның 504-пәтерден тұратын үшеуі «Бәйтерек девелопмент» желісі бойынша салынған. Қазір 144 пәтер иесі  Ляззат Ибрагимованың өз қолынан пәтер кілттерін алды.

 «Мен банк салымшыларына өткізілетін тұрғын үйлердің бағасын  жергілікті құрылыс салушылармен талқылау үшін БҚО-ға әдейі келдім, ҚТҚЖБ-ның ұстанатын бағасы  - тұрғын үйдің  шаршы метрінің бағасы 140 000 теңгеден аспауы тиіс» - деді басқарма төрағасы.