Есте болса, өткен аптада Елбасы аталған банк төңірегінде орын алып отырған түйткілдерді түзетуге тапсырма берген болатын. ҚР Президентінің алға тартқан деректеріне қарағанда, банктің қаржысы есебінен бой көтерген 264 пәтерлі «Әйгерім» тұрғын үй кешенінен әкімдікте тұрған бірде бір адам баспана алмаған. Ал бұл уақытта аталған тұрғын үйдегі пәтерлер компания басшылығының туған-туыстарына берілген. «Біз сонда банкті оның қызметкерлері үшін құрдық па?», - деп кейіген болатын Мемлекет басшысы. Осы ретте ҚР Президенті «Бәйтерек» ҰБХ басшысы Қуандық Бишімбаевтан тұрғынүйқұрылысжинақ жүйесін тәртіпке келтіруді талап еткен еді. Айта кетерлігі, Бишімбаев ағымдағы жылдың мамырында құрылған холдингке басшылық жасайды. Оның алдына холдинг құрылымына кіретін «Қазақстанның Даму банкі», «Тұрғын үй жинақ банкі», «Қазақстандық ипотекалық компания», «Қазына Капитал менеджмент» компаниялары жұмыстарының тиімділігін арттыру міндеті жүктелген.
17 қазанда «Бәйтерек» төрағасы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» басшысы Нұрбибі Наурызбаеваның отставкаға кеткендігін, Президенттің тапсырмасын ескере отырып жүйе жаңғыртылатындығын мәлім етті.
«Біз бұл мәселені осы бағытқа басшылық ететін барлық мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс атқаратын боламыз. Пәтер бөлу кезінде әлеуетті бағдарламаға қатысушыларда баспанасының болмауы және тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж болуы секілді факторлар ескерілетін болады», - деді ол. Баспанасы бар тұрғындар екінші кезекте қарастырылады.