Түлектері жұмыстан таршылық көрмейтін кәсіптік білім беру орындары белгілі болды

ТАНА. 20 қазан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қаладағы колледждерде және кәсіптік лицейлерде білім алған түлектердің басым бөлігі жұмыстан таршылық көріп отырған жоқ.

Бұл туралы бүгін Астанада «Кәсіптік білім беру және бизнес: әріптестер сұхбаты» атты II қалалық форумында Астана қаласы Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина мәлім етті.

«Қазіргі таңда Астанадағы колледждер мен кәсіптік лицейлерде 31702 оқушы, соның ішінде кәсіптік лицейлерде - 2231, колледждерде - 28 мың 471 адам білім алуда. 2011 жылы аталмыш мекемелерден 6859 оқушы түлеп шықты», - дейді ол.

Қалалық Білім басқармасының бастығы атап өткеніндей, қысқа мерзім ішінде олардың дені жұмысқа орналасып үлгерген.

«Әлеуметтік әріптестердің базасында 3792 түлек жұмысқа тұрды. Бұл шамамен кәсіптік білім ордаларын тәмамдаған оқушылардың 55,2 пайызы», - деді Ә. Бимендина.

Ол сонымен қатар түлектері жұмыстан таршылық көрмейтін кәсіптік білім беру орындарын жеке-жеке атап шықты.

«Қаладағы №2, 3 және 5 кәсіптік лицейлердің түлектері жұмысқа 100 пайыз орналасқан. Сондай-ақ Көлік және коммуникация, Политехникалық колледждердің, жеке меншік білім орындарының ішінде «Даналық» және «Лингво» колледждерінің көрсеткіштері жаман емес», - деп атап өтті Білім басқармасының басшысы.