Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік кәмелет жасқа толмаған қызды қағып кеткен. Күдіктінің көлік жүргізу куәлігі болмаған және аудандық полиция бөлімі басшысының туысы болғандықтан, тек әкімшілік шарамен ғана жауапқа тартылған. Қазір кәмелет жасқа толмаған қыз ауруханада ем қабылдап жатыр.
Аталған жағдайға қатысты ресми ақпарат таратқан Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі сараптама тағайындалып, барлық мән-жайларды анықтау бойынша қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Соның нәтижесімен процестік шешім қабылданатын болады.
«Кәмелетке толмаған велосипедшінің қатысуымен болған жол көлік оқиғасы бойынша жүргізуші анықталып, жауапкершілікке тартылды. Көлік айыптұраққа қойылды. Ер адамның жүргізуші куәлігінің жоқтығы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол полиция қызметкерінің туысы емес және ішкі істер органдарына ешқандай қатысы жоқ» - делінген ведомства ақпаратында.