Түлкібас ауданында 54 көше күрделі және орташа жөндеуден өтіп жатыр

ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Түлкібас ауданында биыл жалпы ұзындығы 68 шақырымды құрайтын 54 жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалпы ұзындығы 36 шақырымдық 35 көше орташа және күрделі жөндеуден өткізілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, аталмыш жолдың 11,24 шақырымы бүгінгі таңда пайдалануға берілген. Жалпы жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында толық аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар, ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде 6 жоба іске асуда. Аталған бағдарлама аясында 3 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту бойынша жұмыстар атқарылуда.

Әртүрлі бағыттағы құрылыс жұмыстарына 133 адам жұмылдырылса, оның 70-і аудан тұрғындары. Яғни, елімізде жарияланған карантин режимі кезінде уақытша жұмыссыз қалған аудан тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік жасалып отыр. Осылайша аудан тұрғындары қиын кезеңде мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, ризашылықтарын білдіруде.