Әкімнің сөзінше, таулы аудандағы 62 елді мекеннің 59-ы, яғни 107 мыңнан астам халық таза ауыз сумен қамтылған. Ал қалған үш елді мекенге тіршілік нәрі тасымалданып жеткізіледі. Себебі, бұл ауылдар шалғайда орналасқандықтан және халық саны аз болғандықтан құбыр тарту экономикалық жағынан тиімсіз.
Ал, ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша жүйелі шаралар атқарылып, межеленген мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілген. Аудан басшысы жалпы өңірлік өнім өткен жылдың қорытындысымен 68,8 млрд теңгені құрағанын атап өтті.
«Аудан көлеміндегі өнеркәсіп кәсіпорындары 22,7 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, осы сала бойынша барлық даму индикаторлары орындалды. Шағын және орта бизнесте 17 мың 200 адам жұмыс атқаруда. Белсенді кәсіпкерлік субъектілердің саны 6310 бірлікке жетіп, 7,3 пайызға өскенін көрсетіп отыр. Өндірілген өнім көлемі 34,2 млрд теңгені құраса, олармен төленген салық төлемдері 272,6 млн теңге болды», - деді Нұрбол Тұрашбеков.
Есепті жиынға қатысқан облыс әкімі аппаратының басшысы Әуелхан Тұрғымбеков шағын және орта кәсіпкерліктің қарқын алғанын және таулы аймақтың бау шаруашылығын дамытуға мүмкіндігі мол екенін атап өтті. Жалпы жиналған жұртшылық аудан әкімінің атқарған жұмысына оң бағасын берді.