Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктіні ұстауға бірнеше тұрғынның полицияға арыздануы себеп болған.
Түлкібас аудандық ПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, ауылдастарымен бірге газға төленетін ақшаны өздері сенетін таныс әйелге жинап бергенін жеткізген. Алайда ол жиналған ақшаны тұрғындардың дербес шотына төлемей, яғни өз қажетіне жаратып жіберген.
Осы қылмысты тексеруге шұғыл кіріскен аудандық полицейлер күдікті әйелдің тұрғындар таңдауымен ерікті түрде коммуналдық төлемді жинап, бұл қызметі үшін әр түбіртектен өзіне 100 теңгеден алып отырғанын анықтаған. Ал өткен жылы қысқы жылыту маусымында күдікті 51 тұрғыннан газға төленетін ақшасын жинап алып, төлемей қойған. Қомақты қаражатты бас пайдасына жаратып жіберіпті.
Тәртіп сақшыларының жедел жүргізілген жұмысының арқасында күдікті өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген шығынның жартысын қайтарды. Бүгінде қолхатпен босатылып, ҚР ҚК 190-бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аудандық сотқа жолданған.