Нұрбол Тұрашбековтың сөзінше, таулы аудан этнотуризмді дамытуға қолайлы аймақ саналады. Алдағы уақытта мұнда келушілердің саны арта түседі деп жоспарлануда. Аудан әкімі сондай-ақ Түлкібастың экономикалық жағдайына да тоқталды. Бүгінде экономикалық белсенді халық саны - 57,2 мың адамды құраса, жұмыспен қамтылғандар қатары 54,2 мың адамға жеткен.
«Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау бойынша бес оқу орнымен келісім-шарт түзіліп, 195 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына жолданды. Ал, жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Бастау-бизнес» жобасы негізінде 166 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданып, 157 адам сертификат алды. 52 азаматқа 207,8 млн теңге несие берілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына 142 азамат жіберілді», - деді Нұрбол Тұрашбеков.
Сонымен қатар, аудандағы 44 балабақшада 6560 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Балаларды қамту көрсеткіші жыл қорытындысымен 97,8 пайызды құраған. Инфрақұрылым бойынша аудандағы 62 елдімекеннің 59-ы орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Көгілдір отынмен қамтуда аудандағы 62 елді мекеннің 60-ы газбен қамтылған. Аудандағы 5 елдімекеннің көшелерін орташа жөндеу жұмыстарына 149,8 млн теңге бөлініп, оның 145,5 млн теңгесі игерілді.