Тұманды Альбион ұйымның маңыздылығы мен тиімді тұстарын атап, Қазақстанмен ынтымақтастық қарым-қатынасты дамытуға ниетті екендігін білдірді. Ұлыбританияның мемлекеттік қызметкерлері, зерттеу орталықтарының мамандары мен танымал іскер азаматтар экономикалық одақ жайында ой бөлісу үшін арнайы бас қосты. RUSI аналитикалық орталығының директоры Джонатан Айл қазақ елі аймақтағы интеграциялық дамудың бастаушысы екендігін атап өтті.
«Бүгінгі кездесу Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктерін ғана саралап өтпей, ұйымның қалыптасуына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың негіз болғандығын да көрсетеді. Осылайша, Қазақстанның экономикалық дамуы мен өзге елдермен достық қарым-қатынасы нығайып отыр", - деді RUSI аналитикалық орталығының директоры Джонатан Айл.
Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржылық саясат бойынша министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Қазақстан экономикалық интеграция мәселесіне ерекше назар аударады. Қазақ халқы әрдайым алып елдермен байланыс орнатып, заманауи жобаларды іске асыруға ниетті.
«Өзге елдердегі серіктестеріміз Қазақстанның көздеген мақсатын жете түсінгенін қалаймыз. Бұл - экономикалық дамуды көздеген жоба. Сондықтан одақтас елдерге, сондай-ақ сауда бағытындағы серіктестерімізге де пайдасы мол", - деді Тимур Сүлейменов.
Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы жылына шамамен 2 миллиард АҚШ долларын құрайды. Қазір қос мемлекеттің арасында қаржы және білім беру саласында тұрақты байланыс орныққан. Ел кәсіпкерлерімен жолыққан қазақстандық делегация экономикалық одақ үлкен мүмкіндіктерге жол ашып, ынтымақтастықты дамыта түсетіндігіне көз жеткізді.