Тұманды Альбионда да тілсіз жау өршіп тұр: Өртпен күресте британдықтар тәжірибесі қандай

Фото: unsplash.com
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұманды Альбионда да тілсіз жау өршіп тұр. Ғалымдар мұны климаттың өзгеруімен байланыстырады. Мамандар жоғары технологиялардың көмегімен орман өрттерін болдырмаудың амалын жасауда. Табиғи апатпен күресте, әсіресе, жасанды интеллектінің тигізер пайдасы көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлыбританияда былтырғы аптап ыстықта өрт жағдайлары көп болып, халықты әбігерге салды. Тілсіз жау Лондонның шығысындағы Веннингтон ауданының түгін қалдырмады. Ал биыл жүздеген дала алқаптарындағы шөп отқа оранды. Соңғы екі апта көлемінде Ұлыбритания тарихындағы ең үлкен өрттердің бірі Шотландиядағы ормандарда тіркелді.

«Біз ыстық әрі құрғақ кезеңдердің куәсі болып жүрміз. Егер көмірқышқыл газының тарауын және атмосфера құрамындағы парниктік газдың деңгейін азайтпасақ, болжам бойынша, бұл процесс осы ғасырдың соңына дейін жалғаса бермек», - дейді Лондон экономика мектебі университетінің профессоры Том Смит.


Ғалымдардың пікірінше, ерте әрекет ету өте маңызды. Сондықтан олар жалын жалмау ықтималдылығы жоғары жерлерді компьютерлік технологиялардың көмегімен алдын ала анықтауға тырысады. Стартап жобалардың авторлары болса, жасанды интеллектінің көмегіне жүгінуге шақырады. Олардың ойлап тапқан құрылғылары орман өрттерінің алғашқы белгілерін танып-білуге машықтанған. Камералар бүкіл ақпаратты жасанды интеллект арқылы сараптап отырады.

«Өрт сөндірушілер алдында шынымен де қиын міндет тұр. Олардың дер кезінде әрекет етуге мүмкіндіктері бола бермейді. Тілсіз жаудың тұтанған жері ертерек анықталса, оны ауыздықтауға көп шығын кетпейді», - дейді Robotics cats компаниясының бас директоры Андре Чанг.


Лондондағы өрт сөндіру және құтқару қызметі туралы айтатын болсақ, мұнда жұмысты қамтамасыз етуге қажет технологиялардың бәрі бар - қайықтан бастап, тыныс алу аппараттарына дейін. Катерлері өрт сөндіруге қажет өзен суын сору үшін ғана пайдаланылмайды - апатқа ұшыраған кемелерді құтқарады және суға кеткендерге көмектеседі. Дрондары өрт сөндірушілер үшін қауіпті жерлерге кіреді. Барлығы бақылау орталығы арқылы басқарылып отырады.

«Мына электронды картаға қарап, Лондон төңірегіндегі белсенділігімізді анық аңғаруға болады. Жасыл түс - өрт сөндіру көліктері мен қызметкерлеріміз жеткілікті дегенді білдіреді. Қызыл түспен бейнеленген жерлерге көмек керек. Және бұл түстер онлайн режимде жаңартылып отырады», - дейді Лондон өрт сөндіру және құтқару қызметі бақылау орталығының бастығы Роберт Ханнан.


Технологиялар озық болғанымен, өрт сөндірушілердің айлығы аз болып тұр. Өрт сөндірушілердің орташа жалақысы біздің валютамен 2 млн теңге көлемінде. Бірақ инфляция деңгейі шарықтаған заманда Лондон үшін бұл түк те емес. Сондықтан қауіпті мамандық иелері ереуілге шыққысы да келген. Бұдан бөлек қысқартулар да көп, жұмыс қолы жетіспейді. Қазір үкімет пен кәсіподақ ұйымдары келіссөздер жүргізіп жатыр.