«ҚазАқпарат» агенттігі дәстүрлі түрде аптаның әр жексенбісінде осы айтулы спорттық шарада Қазақстанның намысын қорғайтын спортшыларды таныстыруды жалғастырады. Осы жолы біз оқырман қауымын Олимпиада ойындарында спорттық гимнастикадан және көркем гимнастикадан сынға түсетіндерді таныстырмақпыз.
Айта кетейік, спорттық гимнастикадан Лондонға баратын екі спортшымызды таныстыру барысында спорттық гимнастикадан мемлекеттік жаттықтырушы Людмила Ревинаның пікірін көпшілік назарына ұсынамыз.
Сонымен, Тұманды Альбионда еліміздің намысын қорғайтын гимнастардың бірі - Мөлдір Әзімбай. 1995 жылы 2 желтоқсанда дүниеге келген ол қазіргі кезде Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-экономикалық колледжінде тәлім алуда. Мөлдір аталған спорт түрі бойынша 2004 жылдан бері еңбегі сіңген жаттықтырушы Галина Долгополованың жетекшілігінде жаттығып жүр. 2010 жылы Сингапурдегі I жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысқан, сондай-ақ ол еліміздің бірнеше дүркін чемпионы және жүлдегері атанған. Көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Котбус қаласында өткен Әлем Кубогы үшін жарыстың қатысушысы, Қазақстан халықтары ІІІ Спартакиадасының жеңімпазы, Жапонияда өткен Әлем чемпионатының қатысушысы. М. Әзімбай Лондонда өтетін Олимпиада ойындарына жолдаманы Ұлыбританияда өткен лицензиялық жарыста еншіледі.
«Мен оны еңбекқор деп атар едім. Бар күш-жігерін салып, тырысып жаттығады. Атап айтқанда, Мөлдір Қазақстанның спорттық гимнастикасының тарихында Олимпиада ойындарында осы спорт түрінен жарысқа қатысатын бірінші қазақ қызы»,-деп атап өтті спорттық гимнастикадан мемлекеттік жаттықтырушы Людмила Ревина.
Спорттық гимнастикадан жолдаманы еншілеген тағы бір саңлағымыз - Степан Горбачев. Ол 1983 жылы 2 қазанда Қарағанды облысының Теміртау қаласында дүниеге келді. 14 жасынан бастап Алматыда жаттығып жүр. Бүгінде 28 жастағы Степанның бас жаттықтырушы Ернар Ерімбетов. Халықаралық санаттағы спорт шебері С. Горбачев Қазақ спорт және туризм академиясын тәмамдаған. Жолдаманы Лондондағы тестілік жарыстарда жеңіп алды.
Людмила Ревина: «Көпсайыстан бірнеше рет ҚР Чемпионы атанған. Әлем Кубогінің, Азия ойындарының финалисі. Еркін жаттығудан Дүниежүзілік универсиаданың күміс жүлдегері. Өте жігерлі, күшті, тәртіпті спортшы. Өзіне жүктеліп отырған барша жауапкершілікті түсініп отыр»,- деп түйіндеді өз пікірін.
Ал көркем гимнастикадан Қазақстан намысын Анна Алябьева қорғайтын болады. Ол 1993 жылы 19 қарашада
Айта кетейік, спорттық гимнастика Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1896 жылы енді, 1928 жылдан бастап бұл атаулы додаға әйелдер де қатыса бастады. Ал көркем гимнастика сайыстарына тек әйелдер ғана қатыса алады. Көркем гимнастиканың спорттық гимнастикадан бір айырмашылығы, мәнерлі қимылдармен ерекшеленеді. Онда спортшының әуенге ілесіп би элементтерін орындауы назарға алынады. Халықаралық гимнастика федерациясы көркем гимнастиканы спорттың түрі ретінде тек 1962 жылы тіркеді. Бұл гимнастика түрінен алғашқы жарыстар 1930 жылдары өткізілген болатын. Олимпиада бағдарламасына көркем гимнастика 1984 жылы Лос-Анжелесте енгізілді.