«Тұмар» ұлттық телевизиялық сыйлығына өтінім қабылдау басталды

Фото: Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – 14 мамырдан бастап «Тұмар» – 2025 ұлттық телевизиялық сыйлығына өтінім қабылдап жатыр.

Байқауға 2024 жылғы 13 мамыр мен 2025 жылғы 14 мамыр аралығында қазақстандық телеарналардың эфирінде көрсетілген жобалар қатыса алады. Өтінімді республикалық және өңірлік телеарналар, телестудиялар мен кәсіби телевизиялық контент өндіруші компаниялар ұсынуға құқылы.

Байқау бірнеше номинация бойынша өтеді:

- Ең үздік әлеуметтік тележоба

- Жылдың ең үздік репортажы

- Ең үздік ақпараттық-талдамалық бағдарлама

- Ең үздік журналистік зерттеу

- Жылдың ең үздік телехикаясы

- Ең үздік деректі фильм

- Ең үздік балалар тележобасы

- Ең үздік өңірлік телеарна

- Ең үздік тележурналист

- Ең үздік тележүргізуші

- Ең үздік спорттық комментатор

Өтінім 2025 жылғы 9 маусымға дейін қабылданады. Толық ақпаратты tvtumar.kz ресми сайтынан білуге болады.

«Тұмар» байқауы 2017 жылдан бері Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт ішінде сыйлыққа 2200-ден астам өтінім қабылданып, 354 жоба номинант атанды. Ал «Тұмар» мүсіншесін 98 жеңімпаз иеленді.

Аталған телевизиялық байқаудың былтырғы жеңімпаздарымен сілтеме арқылы өтіп танысуға болады.