Тұмау маусымы басталған кезде адамдар шайға бал мен лимон қосып ішкенді жөн көреді. Дәрігерлердің айтуынша, бұл өздігінен аурудан айықтыра алмайды, бірақ ем-дом кезінде қосымша күш береді. Лимонның құрамында С дәрумені бар. Бұл иммундық жүйенің жұмысын реттейді. Ал шайға қосылған бал тамақты жібітіп, жөтелді басуға септігін тигізеді.
Тұмау маусымы басталған кезде бал мен лимонға сұраныс артатыны сөзсіз. Бұл бағаға да өз әсерін тигізеді. Тағы бір ескеретін жайт, Қазақстанда лимон импортталатын өнім саналады, яғни тасымал өзіндік құнға әсер етеді. Ал бал бағасы сұрпына, өңірлердегі өндірушілер мен көлеміне қарай өзгеріп отырады. Ірі супермаркеттерде тұрған балға қарағанда жергілікті өндірушілердің өнімі қолжетімді.
Қазақстанда лимонның келісі 900 теңгеден басталып, 3 600 теңгеге дейін жетті. Баға сұрпына және өндіруші елге қарай өзгеріп отырады. Кейбір өңірде лимонды түйірлеп сатады. Мысалы, Алматыда лимонның бір данасы 299-600 теңге аралығында болады.
Бағаны салыстыра келе, еліміз бойынша лимон Орал мен Петропавл қалаларында төмен екенін білдік. Келісі 900 теңгеден басталады. Қостанайда — 1 000 теңге. Еліміз бойынша лимонның орташа бағасы — 1 100-1 300 теңге аралығында. Мұндай баға Қызылорда мен Өскеменде (1 100 теңгеден бастап), Астанада (1 145 теңгеден бастап), Көкшетауда (1 155 теңгеден бастап), Алматыда (1 169 теңгеден бастап), Шымкентте (1 180 теңгеден бастап), Қарағанды мен Түркістанда (1 200 теңгеден бастап), сонымен бірге Ақтөбеде (1 300 теңгеден бастап) тіркелді. Семей (1 485 теңгеден бастап), Жезқазған мен Таразда (1 500 теңгеден бастап) баға одан сәл жоғары. Ал Павлодарда лимонның келісі 1 900 теңге, Талдықорған мен Ақтауда 2 000 теңгеден басталады.
Сонымен бірге бал бағасы да сұрпына қарай өзгеріп отырады. Бағаны нақты анықтау үшін біз гүл балының құнын білдік. Ең төмен баға Қостанайда тіркелді. Мұнда балдың келісі — 1 500 теңге. Хабарландыру сайттарындағы ақпаратқа сүйенсек, балдың осының түрінің бағасы еліміздің басым бөлігінде төмен. Тек оны 10-15 келі етіп көтерме бағада алу керек. Қостанайда табиғи балдың басқа да түрлері бар. Келісі 3 000 теңгеден басталады.
Қазақстанда балдың орташа бағасы шамамен 2 000-4 000 теңге аралығында. Ал супермаркеттерде оның бағасы 6 000-7 000 теңге аралығында болып тұр.
Бал бағасы Тараз, Шымкент, Түркістан мен Семейде 2 000 теңге. Ал Қызылорда, Ақтөбе, Талдықорған мен Алматыда шамамен 2 300-2 500 теңге аралығында. Қарағанды, Орал, Көкшетау, Петропавл мен Өскемен қалаларында балдың келісі 3 000-3 500 теңге болып тұр. Балдың келісі Астанада 3 990 теңгеден, Павлодар, Жезқазған мен Ақтауда 4 000 теңгеден басталады.
Алдыңғы аптада Қазақстан қалаларындағы теңіз өнімдерінің бағасы туралы жазылды.