Тұмау мен ЖРВИ: алғашқы белгілерде не істеу керек және аурудан қалай сақтануға болады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Күздің салқындауымен бірге тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың таралу қаупі арта түседі. Дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, жөтел, тамақтың ауруы мен мұрынның бітелуі сияқты белгілер көпшілікке таныс болғанымен, ауру алғаш байқалғанда не істеу керектігін және қандай жағдайда дәрігер көмегіне жүгіну қажеттігін бәрі бірдей біле бермейді.

Фото: kabar.kg

Осыған орай Kazinform тілшісі Өскемен қалалық №1 емхананың жалпы-тәжірибе дәрігерлері бөлімшесінің меңгерушісі Бексұлтан Палымбетовпен сұхбат құрды.

Фото: Бексұлтан Палымбетовтің жеке мұрағатынан

- Тұмау мен ЖРВИ-дің негізгі айырмашылығы неде?

- Тұмау - жедел респираторлық вирустық инфекциялардың бірі. Бірақ күнделікті тілде «ЖРВИ» деп тұмаудан бөлек көптеген респираторлық вирустардан туындайтын инфекцияларды айтамыз.

Тұмау көбіне кенеттен басталуымен ерекшеленеді. Дене қызуы жоғарылап, қалтырау, қатты әлсіздік, бас ауруы, бұлшықет пен буындардың сырқырауы байқалуы мүмкін. Ал басқа ЖРВИ кезінде мұрыннан су ағу, мұрынның бітелуі, тамақтың жыбырлауы, жөтел сияқты белгілер басым болуы ықтимал.

Дегенмен тек белгілерге қарап нақты қандай вирус жұққанын анықтау әрдайым мүмкін емес. Қажет болған жағдайда диагнозды дәрігер қояды, ал кейбір жағдайларда зертханалық тексеру жүргізіледі.

- Аурудың таралуына ауа райының салқындауы қаншалықты әсер етеді?

- Суық ауа райының өзі тұмау вирусын тудырмайды. Аурудың тікелей себебі - вирус. Алайда күз-қыс мезгілдерінде адамдар жабық ғимараттарда көбірек болады, бөлмелер сирек желдетілуі мүмкін, адамдардың бір-бірімен жақын қарым-қатынасы артады. Осының бәрі респираторлық вирустардың таралуына қолайлы жағдай қалыптастырады.

- Қай жастағы адамдар вирустық инфекцияларға көбірек бейім?

- Вирустық инфекция кез келген жаста кездесуі мүмкін. Бірақ асқыну қаупі жоғары топтарға кішкентай балалар, егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар адамдар жатады.

Сондықтан осы топтағы адамдарда тұмауға ұқсас белгілер пайда болса, өзін-өзі емдеумен ұзақ айналыспай, дәрігермен кеңескен дұрыс.

- Мұрыннан су ағу мен тамақ ауруы болса, оны тұмаудан қалай ажыратуға болады?

- Мұрыннан су ағу, мұрынның бітелуі және тамақтың жыбырлауы ЖРВИ кезінде жиі кездеседі. Тұмауда да мұндай белгілер болуы мүмкін, бірақ көбіне жалпы интоксикация белгілері - дене қызуы, қалтырау, бас ауруы, бұлшықет ауруы және қатты әлсіздік айқынырақ болады.

Ең бастысы, адамның өз бетінше нақты диагноз қоюға тырыспауы. Симптомдар ұқсас болғандықтан, дәрігердің қарауы маңызды.

- Адам алғашқы белгілер пайда болған кезде ең алдымен не істеуі керек?

- Біріншіден, мүмкіндігінше үйде қалып, басқа адамдармен жақын байланысты шектеу керек. Демалып, жеткілікті сұйықтық ішу қажет.
Екіншіден, өз жағдайын бақылау керек: дене қызуын, тыныс алуын, жалпы халін қадағалау маңызды.

Егер адам қауіп тобына жатса немесе симптомдары ауыр болса, дәрігерге ертерек хабарласқан жөн. Тұмауға қарсы кейбір вирусқа қарсы препараттар тиімді болуы үшін аурудың алғашқы кезеңінде, әсіресе алғашқы 48 сағатта басталғаны маңызды болуы мүмкін. Бірақ мұндай дәрілерді дәрігердің кеңесімен қабылдаған дұрыс.

- Ауырған адам үй жағдайында қандай режим сақтау керек?

- Ең маңыздысы, ағзаға қалпына келуге мүмкіндік беру. Жеткілікті демалыс пен ұйқы қажет. Дене қызуы жоғары болып, әлсіздік байқалса, жұмысқа, мектепке немесе балабақшаға бармаған дұрыс. Бұл адамның өз денсаулығы үшін ғана емес, айналасындағыларға инфекция жұқтырмау үшін де маңызды.

Бөлмені жүйелі түрде желдетіп, мүмкіндігінше науқастың жеке сүлгісі мен ыдысын қолданған жөн.

- Сұйықтықты қаншалықты көп ішу қажет?

- Нақты бір әмбебап мөлшер жоқ. Сұйықтықты адамның жасына, денсаулығына және жағдайына қарай қабылдаған дұрыс. Қызу көтерілген кезде ағза сұйықтықты көбірек жоғалтады. Сондықтан су, компот, шай немесе басқа қолайлы сұйықтықтарды жеткілікті мөлшерде ішкен жөн.

Бірақ жүрек немесе бүйрек ауруларына байланысты сұйықтықты шектеу қажет адамдар бұл мәселені дәрігермен нақтылауы керек.

- Дене қызуы көтерілсе оны қай кезде түсіру керек?

- Қызудың өзі - ағзаның инфекцияға жауабы. Дегенмен адамның жалпы жағдайы нашарлап, қызу жоғары болса, қызуды түсіретін дәрілер қолданылуы мүмкін.

Мұнда тек термометрдегі көрсеткішке емес, адамның жалпы жағдайына да назар аудару керек. Дәріні нұсқаулыққа сәйкес қабылдап, бірнеше құрамында бірдей әсер етуші зат бар препаратты байқамай қатар қолданбау маңызды.

Балаларға дәрі беру кезінде ерекше сақтық қажет.

- Антибиотиктерді тұмау немесе ЖРВИ кезінде қабылдау қажет пе?

- Көп жағдайда керек жоқ. Антибиотиктер бактерияларға әсер етеді, ал тұмау мен ЖРВИ-дің басым бөлігі вирустардан туындайды. Сондықтан антибиотикті «сақтық үшін» немесе ауруды тезірек жазу мақсатында өз бетінше қабылдау дұрыс емес. Ол қажетсіз жанама әсерлерге және антибиотиктерге төзімділіктің қалыптасуына әкелуі мүмкін.

Егер вирустық инфекцияға бактериялық асқыну қосылса, антибиотикті дәрігер тағайындай алады.

- «Вирусқа қарсы дәрілер», дәрумендер, халықтық емдеу тәсілдерінің тиімділігі қандай?

- Бұл жерде барлық препаратты бірдей бағалауға болмайды. Кейбір вирусқа қарсы дәрілердің нақты вирустарға қатысты тиімділігі дәлелденген, бірақ оларды кез келген ЖРВИ кезінде және кез келген адамға өз бетінше қабылдау қажет емес.

Дәрумендер де маңызды, әсіресе олардың тапшылығы болған жағдайда. Бірақ дәруменді көп мөлшерде қабылдау тұмаудан қорғайды немесе оны бірден емдейді деген ғылыми негіз жоқ. Жылы сұйықтық ішу, демалу, бөлмені желдету сияқты қарапайым шаралар адамның жағдайын жеңілдетуге көмектеседі.

- Тұмау қандай асқынуларға әкелуі мүмкін?

- Көп жағдайда адам бірнеше күн ішінде біртіндеп қалпына келеді. Бірақ тұмау кейде пневмонияға, синуситке, отитке және басқа асқынуларға әкелуі мүмкін. Әсіресе балаларда, егде жастағы адамдарда, жүкті әйелдерде және созылмалы аурулары бар адамдарда асқыну қаупі жоғары.

- Қандай белгілер пайда болған кезде міндетті түрде дәрігер шақыру керек?

- Егер адамның жағдайы нашарлай берсе, дене қызуы ұзақ уақыт жоғары болып тұрса немесе бастапқы жақсарудан кейін қайтадан нашарласа, дәрігерге қаралу қажет.

Сондай-ақ қатты әлсіздік, су іше алмау, ұзаққа созылған жөтел, тыныс алудың қиындауы сияқты белгілерге мән берген жөн.

- Тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолдары қандай?

- Ең маңызды шаралардың бірі - тұмауға қарсы вакцинация. Сонымен қатар науқас адамдармен жақын қарым-қатынасты шектеу, қолды сабынмен жиі жуу, бөлмені желдету, адам көп жиналатын жабық орындарда сақтық шараларын сақтау маңызды.

Егер адам өзі ауырып қалса, үйде қалып, басқаларға жұқтырмауға тырысуы керек.

- Тұмауға қарсы вакцина алудың маңызы қандай?

- Вакцина - тұмаудың алдын алудың ғылыми тұрғыдан дәлелденген негізгі әдістерінің бірі. Ол тұмауды жұқтыру қаупін азайтып қана қоймай, ауру жұққан жағдайда оның ауыр өтуі мен асқыну қаупін төмендетуге көмектеседі.

Тұмау вирустары өзгеріп отыратындықтан, вакцина құрамы да маусым сайын жаңартылуы мүмкін.

- Вакцина салдырған адам бәрібір тұмаумен ауыруы мүмкін бе?

- Иә, вакцина абсолютті түрде «ешқашан ауырмаймын» деген кепілдік бермейді. Бірақ ол тұмаумен ауыру қаупін және ең бастысы, ауыр түрде өту қаупін төмендетеді.

Сонымен қатар адам тұмауға қарсы вакцина алғаннан кейін басқа респираторлық вирусты жұқтырып алуы мүмкін. Сондықтан вакцина алған адамға да жалпы профилактикалық шараларды сақтау қажет.

- Қоғамдық көлікте, мектепте, балабақшада инфекция жұқтыру қаупін қалай азайтуға болады?

- Қолды жиі жуу, бетке - әсіресе көзге, мұрынға, ауызға - жуылмаған қолмен тимеу, бөлмені желдету маңызды.

Баланың денсаулығы нашарлап, қызуы көтерілсе немесе тұмауға ұқсас белгілері болса, оны мектепке немесе балабақшаға жібермеу керек.
Ата-аналардың жиі жіберетін қателігінің бірі - қызуын түсіріп алып, баланы балабақшаға жіберу. Бұл баланың толық сауығуына кедергі келтіруі және инфекцияны басқа балаларға таратуы мүмкін.

- Иммунитетті нығайту үшін күнделікті қандай әдеттерге мән берген жөн?

- Иммунитетті бір күнде «көтеріп жіберетін» ғажайып дәрі немесе өнім жоқ. Ағзаның қалыпты жұмыс істеуі үшін күнделікті өмір салты маңызды.

Оған жеткілікті ұйқы, теңгерімді тамақтану, дене белсенділігі, таза ауада серуендеу, жеткілікті сұйықтық ішу және созылмалы ауруларды бақылауда ұстау жатады.

Ал түрлі дәрумендер мен биологиялық қоспаларды тек «иммунитетті көтеру үшін» бақылаусыз қабылдай беру дұрыс емес. Егер дәрумен тапшылығына күдік болса, дәрігермен кеңескен жөн.

Еске салсақ, осыған дейін дәрігердің қателігінен пациент зардап шексе, өтемақыны кім төлейтіндігі жайлы жазғанбыз.