Тұмаудың белгілері пайда болған жағдайда медициналық мекемелерге бару қажет

АСТАНА. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Астана қаласы  бойынша  Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау  департаментінің  директоры Жандарбек Бекшин  жұртшықты тұмаудың белгілері пайда болған жағдайда медициналық мекемелерге баруға шақырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Тұмаудың  белгілері пайда болған жағдайда, яғни жөтел, дене қызуы, тамақ ауырған жағдайда медициналық мекемелерге бару, сондай-ақ терапевттер мен педиатрларды үйге шақыру керек. Ал  кешкі, түнді уақыттарда және демалыс күндері жедел жәрдемді үйге шақырту қажет», деді Ж. Бекшин.

 Оның сөзіне қарағанда, бүгінде дезинфекциялық заттар жеткілікті және олар тағы да қосымша алынатын болады.

 «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша тұмаумен аурудың қарбалас кезеңі күзгі және қысқі мерзімдерде байқалмақ», деді Ж. Бекшин.

 Қазіргі таңда әлемде 139 мыңнан астам A/H1N1 тұмауымен ауырған оқиғалар тіркелді. Бұл дерт 139 елді қамтып отыр.