Бұл жайлы бүгін Алматыда "Қазақстандағы грипп және жедел респираторлық вирустық инфекцияларға шалдығушылық бойынша болжам. Алдын алу шаралары" деп аталатын баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық сараптау және мониторингтеу ғылыми-тәжірибелік орталығының Эпидемиологиялық мониторинг және тәуекелді бағалау бөлімінің меңгерушісі Айнагүл Қуатбаева айтты.
Оның айтуынша, биыл жедел жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау дертінің таралуы айтарлықтай төмендеді. Мәселен, 9 айда елімізде 746 129 жедел респираторлық вирустық инфекциялары (ЖРВИ) мен 192 грипп жағдайы тіркелді. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ-дың - 12 пайызға, ал тұмауда 3,6 есеге төмендегенін көрсетеді.
"Биыл бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау ауруы таралуының кемуі жалғасады. Бұған дерттің алдын алу жұмыстарының жолға қойылуы өз септігін тигізбек. Ал ең тиімді жолы -вакцинация. Егілген адамдарда ауру жеңіл өтеді және асқынулар дамымайды", -дейді А. Қуатбаева.
Оның сөзіне қарағанда, медицина мекемелері қазіргі таңда грипке қарсы аппараттармен қамтамасыз етіліп, қызметкерлер егу жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде.