«Түн құдайы» Сахалинге аттанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың «Түн құдайы» фильмі Сахалиндегі кинофестивальде көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Түн құдайы» фильмі Сахалин Халықаралық «Жер қиыры» («Край света») кинофестивалінің байқаудан тыс «Көршілер/Достар» атты бағдарламасында көрсетіледі. Фестиваль Оңтүстік Сахалинде тамыздың 24-31 аралығында Сахалин губернаторының қолдауымен өткізілмек.

«Түн құдайынан» бөлек, «Жер қиырының» негізгі байқауында режиссер Ержановтың тағы «Әлемнің мейірімді енжарлығы» атты фильмі де қатысады», - делінген хабарламада.

Ал туындысы халықаралық кинофестивальде көрсетілгелі отырған Әділхан Ержановтың айтуынша, негізгі ұйымдастырушылар байқауға дәстүрлі «кинотілде» түсірілген фильмдерді қабылдайды.

«Әлемнің мейірімді енжарлығы» фильмі осы форматқа сәйкес келеді. Ал «Түн құдайы» - сюжет логикасын елемей, образ тазалығын көрсетуге тырысқан эксперименталды бағыттағы фильмім. Қатарынан екі фильмім фестивальге қатысып отырғаны қуаныштымын, өйткені олар формасы мен мазмұны жағынан бір-біріне қайшы», - дейді режиссер.