«Түнгі қаладағы балалар»: Ақмола облысында 235 заңбұзушылық анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында түнде ересектердің еріп жүруінсіз көшеде жүрген 200-ден астам жасөспірім анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz .

Фото: Polisia.kz

Ақмола облысында «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу іс-шарасының үш күнінде полицейлер кәмелетке толмағандар арасында 235 құқық бұзушылықты анықтады. Олардың көпшілігі жасөспірімдердің түнде ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болуымен байланысты.

Полиция департаментінің мәліметінше, барлығы 222 осындай факт тіркелген. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың алкогольдік ішімдіктерді тұтынуының 10 жағдайы, ұсақ бұзақылықтың екі фактісі және қоғамдық орында адамның мазасын алудың бір фактісі анықталды.

Рейдтердің қорытындысы бойынша балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін 16 ата-ана мен заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатқан 4 төрт кәсіпкер жауапты болды.

Профилактикалық іс-шаралар барысында ювеналды полиция қызметкерлері есепке алынған отбасылар мен жасөспірімдерді тексеріп, отбасылық қолайсыздықтың, қараусыз қалудың және жасөспірімдер қылмысының алдын алуға ерекше назар аударды. Қазіргі уақытта ішкі істер органдарының профилактикалық есептерінде 670-тен астам қолайсыз ата-ана мен 150 жасөспірім тұр. ЖПІШ кезінде қосымша 8 ата-ана мен 2 кәмелетке толмаған бала есепке алынды.

Бір мезгілде өңірде «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы жалғасып жатыр. Осы жұмыс аясында ювеналды полиция инспекторлары заңсыз мінез-құлыққа бейім кәмелетке толмағандар арасында үш бейресми көшбасшыны анықтады. Сонымен қатар Жарқайың ауданында кәмелетке толмағандардың тыйым салынған заттарды заңсыз сақтау немесе алып жүру фактісі тіркелген.

Сондай-ақ интернет-кеңістіктің мониторингі барысында балалардың өмірі мен денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін контенті бар 56 интернет-ресурстар мен жарияланымдар анықталды.

Полиция ата-аналарды жазғы демалыс кезінде балалардың болу жерін бақылауды күшейтуге және олардың бос уақыты мен қауіпсіздігіне көбірек көңіл бөлуге шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Атырауда 83 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.