Түнгі рейд: Семейде жасөспірімдерге қатысты профилактикалық шаралар күшейтілді

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері прокуратура өкілдерімен бірлесіп, Семей қаласындағы ойын-сауық орындарында түнгі профилактикалық рейдтер жүргізіп жатыр.

Фото: Абай облысы ПД

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, негізгі мақсат — кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Полицейлер ойын-сауық мекемелерін, компьютерлік клубтарды және жастар көп жиналатын орындарды тексеріп жүр. Әсіресе, түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген жасөспірімдерді анықтауға ерекше назар аударылады.

Кезекті рейд барысында полиция қызметкерлері ойын-сауық орындарының бірінен ата-анасыз жүрген кәмелетке толмағандарды анықтады. Жасөспірімдер профилактикалық жұмыстар жүргізу және заңды өкілдеріне тапсыру үшін полиция бөліміне жеткізілді. Аталған фактілер бойынша жасөспірімдердің ата-аналары мен кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта мекемеде болуына жол берген ойын-сауық орнының әкімшілігі заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

— Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың басым бөлігі дәл түнгі уақытта, балалар ересектердің бақылауынсыз қалған кезде болады. Сондықтан профилактикалық жұмыстар мен түнгі рейдтер полицияның ерекше бақылауында. Полицейлер ата-аналарды балаларының жүрген жеріне бейжай қарамауға және оларды түнгі уақытта қараусыз қалдырмауға шақырады, — делінген хабарламада.

Осыдан бұрын Алматыда жаппай төбелес кезінде екі жасөспірім мерт болғанын жаздық.