Түнгі жол – сақтық сыналар сәт: ҚазАвтоЖол жүргізушілерге ескерту жасады

АСТАНА.KAZINFORM - Қараңғы түскен шақта жол үстіндегі ахуал өзгеше сипат алады. Көру мүмкіндігі шектеліп, арақашықтықты дәл бағалау қиындайды. Ал жүргізушінің сергектігі де бәсеңдей түседі.

Фото: ҚазАвтоЖол

Сондықтан түнгі сапарға аттанар алдында көліктің техникалық жай-күйін жіті тексеріп, жолға тыңғылықты дайындалу – әрбір жүргізушінің азаматтық парызы.

ҚазАвтоЖол жолға шығар алдында фаралардың, бұрылыс және тежеу шамдарының, әйнек тазалағыштардың, айналардың дұрыс жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізуге шақырды.

Әйнек жуу сұйықтығының жеткілікті болуы да маңызды. Жол үстінде қауіпсіз жылдамдықты сақтап, арақашықтықты ұлғайтып, артық алаңдататын әрекеттерден, әсіресе телефон қолданудан аулақ болған жөн. Шаршау белгісі байқалса, уақытылы тоқтап, тынығып алу – қауіпсіздіктің кепілі.

Қарсы бағыттан келе жатқан көліктің жарығы көзді қарықтырған жағдайда, жарыққа тікелей қарамай, бағдарды жолдың оң жақ жиегімен ұстаған абзал. Жылдамдықты бірқалыпты төмендетіп, кенет маневр жасаудан сақ болыңыз.

Ұмытпаған жөн: түнгі жолда асығыстыққа жол жоқ. Бірер минут үнемдеу үшін қауіпке бас тігудің қажеті шамалы. Өзіңіздің де, өзгенің де амандығы –ортақ жауапкершілік. Жол қозғалысы қағидаларын бұлжытпай орындау – қауіпсіздіктің басты кепілі.

Айта кетейік, Қазақстандағы жол апаттарының 91%-ы жүргізушілердің кінәсінен болады.