ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотында «Шале» түнгі клубы бойынша қозғалған қылмыстық іске қатысты үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш соттан түскен мәліметке қарағанда, «РЦКУ - Уральск» ЖШС-ның слесарь монтажнигі Александр Калинин өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына жол берген.
А.Калинин 2017 жылдың қазанында «Шале» түнгі клубында есептегішті ауыстыру кезінде айналаға ұшқынның таралуына жол бермейтін өндірістік жабдықты қорғау құрылғысын қолданбаған. Соның салдарынан түнгі клуб өртеніп, қожайынына аса ірі көлемде, яғни 120 155 990 теңге шығын келтірілген.
Орал қалалық соты А.Калининді ҚР ҚК 292-бабы 2-бөлігіне (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) сәйкес айыпты деп танып, газ жабдығына қатысты қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға айыра отырып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеді.
Жәбірленушінің азаматтық талапарызы қанағаттандырылып, «РЦКУ - Уральск» ЖШС-дан аталған сома өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).