Тұңғыш қазақ әйелінің ғарышқа сапары қалай өтті
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстандық кәсіпкер Данна Қарағұсова америкалық Blue Origin компаниясының New Shepard суборбиталық кемесімен ұшып, ғарышқа барған алғашқы қазақ әйелі атанды.
New Shepard зымыраны 2025 жылғы 8 қазанда АҚШ-тың Техас штатындағы ғарыш айлағынан ұшырылды. Бұл Blue Origin компаниясының 36-туристік миссиясы болды.
Экипаж құрамында америкалық кәсіпкер Джефф Элгин, инженер және жасанды интеллект саласының зерттеушісі Клинт Келли III, стартаптар негізін қалаушы Аарон Ньюман, украиналық кәсіпкер Виталий Островский және аты-жөнін жарияламаған тағы бір жолаушы бар.
Данна Қарағұсова осы алты адамның ішінде болып, Қазақстан атынан ғарышты бағындырған тұңғыш әйел атанды. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында сапардан кейінгі әсерін айтты.
– Мұны сөзбен айту мүмкін емес... Ғарыштан кейін басқаша болып ораласың – жаның ашылып, жүрегіңді шексіз ризашылық кернейді, - деп жазды ол.
Данна Қарағұсова бұған дейін ивент және дистрибуция саласында 25 жылдан астам еңбек еткен. Ол медиа және ивент-холдинг – First Media Group-тың негізін қалаушылардың бірі.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық Данна Карағұсова Blue Origin компаниясының NS-36 зерттеу миссиясы құрамында ғарышқа аттанатынын жазғанбыз.