Тұңғыш Президент саябағындағы автоматты суару жүйесі жартылай жұмыс істеп тұр

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Тұңғыш Президент саябағын жаңарту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Алматы әкімі парктің кешенді қайта жаңғырту жобасымен танысты.

Қоғамдық кеңістікті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Батырхан Сүлейменовтың мәліметінше, саябақ 2010 жылы ашылған. Оның аумағы 15 мыңнан астам ағаш отырғызылған аллеялар мен дендрологиялық аймақтарға бөлінген.

Қазір қолданыстағы автоматты суару жүйесі тек жартылай жұмыс істеп тұр, сондықтан оны толық жаңғырту қажет. Заманауи технологияны қолданып, су ағызу құбырларын тазартып, суару жүйесін толық жаңарту жоспарланып отыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Жаңарту жобасы саябақты орнықты көгалдандыру тұжырымдамасын қамтиды. Атап айтқанда, ағаш пен бұтаның түрін көбейту, алуан түрлі шөптесін өсімдіктерден тұратын экожүйелер мен жасыл аймақтар құру көзделген. Олардың арасында 4 гектар аумақта қарағай мен қайыңнан тұратын тоғай да бар. Сонымен қатар 5,5 мыңнан астам гүлдейтін ағаш егу көзделген.

Қала әкімі жобалық шешімдерді нақтылап, көгалдандыру жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз етуді, суару инфрақұрылымын жаңартуды және саябақтың табиғатты қорғау қызметін күшейтуді тапсырды.

Басты мақсат дендросаябақтың экологиялық маңызы жоғары аймақ ретіндегі мәртебесін сақтау және оның рекреациялық әлеуетін дамыту.

Осыған дейін «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығын қайта құру жұмыстары басталатыны туралы жазғанбыз.