Біз бұл салтанатты жағдай олардың мектепте жақсы оқуына ықпал етеді деп үміттенеміз. Бұл туралы бүгін Алматыда "Мектепке жол" акциясы аясында өткен қайырымдылық шарасы барысында ҚР Тұңғыш Президенті қорының атқарушы директоры Бектас Мұхамеджанов айтты.
"Бірінші қыркүйек - барлық балалар үшін Білім күні. Бұл күн мектеп жасына келген барлық бала үшін үлкен мереке болуы тиіс. Ал, баланы мектепке дайындау, қажетті заттарын алу - үлкен қаражатты талап етеді. Ол әсіресе, көп бала тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін, не әр түрлі жағдаймен өмірдің қиын жағдайларына тап болған отбасылар үшін өте қиын. Бұл мәселелерді шешуді қолға алынған "Мектепке жол" акциясы ата-аналар үшін үлкен көмек, балалар үшін үлкен қуаныш болып отыр",-деді ол.
Балаларды толықтай білім алуға қамту мақсатында өткізілген мерекелік шарада
қаланың 100-ден аса көпбалалы және аз қамтылған отбасының бірінші сыныпқа баратын балаларына мектепке қажетті жабдықтар және әр түрлі тәттілер салынған сөмкелер табыс етілді. Әр сөмкеде Тұңғыш Президент қоры логотипі бар.
Шара барысында балаларға шығармашылық ұйымдардың қатысуымен арнайы дайындалған концерт ұсынылды. Балалар сонымен қатар, еліміздің даму жолын көрсететін "Интеллектуалды павильонға" экскурсия жасады.
Аталмыш шара ҚР Тұңғыш Президенті қоры мен Алматы қаласының Балалар құқығын қорғау департаментінің ұйымдастыруымен өткізілді.