13:40, 26 Қараша 2013
Тұңғыш Президент күні - бүкіл қоғамның Елбасының айналасында бірігуінің айғағы - Н. Нығматулин
АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент күні - бүкіл қоғамның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасында бірігуінің айғағы. Бүгін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә Назарбаевтың Қазақстандағы парламентаризмді дамытудағы рөлі» халықаралық конференциясы барысында Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті.
Еске салсақ, Тұңғыш Президент күні қарсаңында өтіп отырған шараны Парламент Мәжілісі ұйымдастырған болатын. «Біздің егемен еліміздің әрбір жетістіктері, әрбір жеңістері ең алдымен, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен тікелей байланысты. Себебі Елбасымыздың батыл қадамдары мен ерен ерліктерінің арқасында Қазақстанымыз барлық қиындықты жеңіп, бүкіл әлем таныған абыройлы мемлекетке айналды», - деді жиын барысында сөз сөйлеген спикер Нұрлан Нығматулин. Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы Елбасының идеялары мен мақсаттарының қазақстандық өмір салтының негізін қалап, барлық қазақстандықтар үшін жалпыұлттық құндылықтарға айналғанын тілге тиек етті. «Сондықтан да тұңғыш Президент күні барша қазақстандықтарды Елбасының қасына біріктіретін тағы бір бүкіл халықтық мәртебелі мереке болып табылады»,- деді Мәжіліс Төрағасы. Еске сала кетейік, халықаралық конференцияға Қазақстан Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары сондай-ақ танымал парламентшілер, Венгриядан, Германиядан, Қырғызстаннан, Ресейден және Түркиядан сарапшылар мен ғалымдар, мемлекеттік орган жетекшілері, дипломатиялық корпус өкілдері қатысуда.