Тұңғыш Президент күні - халықтың рухани өмірін толықтыратын тағылымды мереке

АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат - 1991 жылдың 1 желтоқсаны Қазақстанның Тәуелсіздік тарихындағы ерекше дата. Өйткені дәл осы күні Қазақстан халқы жалпыұлттық сайлау барысында ел тағдырын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолына сеніп тапсырған болатын. Осындай егемен елдің айтулы датасын ескерген Парламент екі жыл бұрын Тұңғыш Президент күнін мемлекеттік мереке деңгейінде белгілеген еді.

Мұндай шешім ең алдымен Қазақтан Республикасында 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен Тұңғыш Президент сайлауымен байланысты болып табылады. Ал осынау сайлау нәтижесінде егемен Қазақстанның негізін салушы - Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент болып сайланды. Сайлауға қатысқандардың 88,78 пайызы Елбасын жақтап дауыс беріп, Мемлекет басшысы ретіндегі сенімін Н. Назарбаевқа жүктеді. Расында бұл сайлау халық үшін аса жауапты кезеңде өтті. Өйткені, бұл «мызғымас» делінетін Кеңестер Одағының ыдырап, егемендіктің ауылы жақындап келе жатқан тұс болатын. Ал ондай өтпелі кезеңде елдің тізгіні жауапты тұлғаның қолында болуы тиіс еді. Тізгінді қолға алған күні-ақ Елбасы қазақстандықтарға алдағы өмірдің жеңілге түспейтіндігін, бірақ жақсы күндерге бірлік пен татулық, іскерлік пен қабілеттілік арқылы жетуге болатынын ашып та айтқан еді. Кейіннен халық та өзінің сонау жылы желтоқсандағы сайлауда жасаған таңдауы алдамағанына талай рет куә болды, әлі де куә болып келе жатыр.

Осынау тарихи таңдаудың жасалған күні туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы жылы бүкіл қазақстандықтарға арнаған жолдауында кеңінен тоқталды. Бұл ретте Мемлекет басшысы Тәуелсіздік шежіресіндегі үш шешуші тарихи белесті айрықша маңызды және елеулі деп есептейді. Оның біріншісі - Қазақстанның тұңғыш абсолютті егемен мемлекеттік актісі - Семей полигонын жабу туралы Жар­лық­қа қол қою. Өйткені, осы сәттен бастап Қазақстанның бүкіл аумағында тек бір ғана юрисдикция - қазақстандықтардың өздерінің жә­не туындап келе жатқан егемен Қа­зақ­стан мемлекетінің ерік-жігерінің іс-қи­мыл жасайтынын білдірді. «Екінші белес - 1991 жылдың 1 жел­­тоқсанында біздің халқымыздың бү­кіл тарихында алғаш рет өткен жал­пыға ортақ Қазақстан Президенті сайлауы. Бұл оқиғаның тарихи мәні мен пат­риот­тық құндылығы көзге ұрып тұр және ешқандай талас тудырмайды. Бұл күні Қазақстан халқы биліктің шынайы қайнар көзі болудағы, билікті қалыптастырып, оның саясатын ай­қындаудағы өзінің егемен құқығын ал­ғаш рет жүзеге асырды. Алғашқы президенттік сайлауға 8 778 726 сайлаушы немесе азамат­тар­дың жалпы санының 88,23%-ы қатыс­ты. Бұл сол кезеңде 10 миллиондай адам­ды құраған Қазақстанның бүкіл ересек халқының басым көпшілігі», деп жазады Елбасы Н. Назарбаев. Президенттің пайымынша, 1991 жылдың 1 желтоқсаны - бұл Қазақстан халқы біздің мемлекетімізді басқару түрі туралы мәселе бойынша тарихи шешім қабылдаған күн. Бұл күшті президенттік биліктегі республика пайдасына жасалған бі­ре­гей таңдау болатын.

«Сол бір күрделі уақытта өмір қи­сы­нының өзі бүкіл атқарушы билік үшін ғана емес, сонымен бірге күрделі өтпелі кезеңді бастан өткеріп жатқан бүкіл қо­ғам үшін де жұмылдырушылық бас­тау­ды талап етті. Ескі тоталитарлық жүйе келмеске кетіп, басқарудың жаңа институттары пай­да болды. Кезек күттірместен на­рық­­тық реформаларды жүргізу, тіпті азық-түлікпен қамтамасыз ету, жұ­мыс­пен қам­ту, қалалар мен ауылдардағы өмір қауіп­сіздігі сияқты қарапайым мәселелердің өзінде адамдар тұрмысын қалыпқа кел­тіру міндеті барынша бой көтерді. Осындай жағдайда Республика Пре­зи­денті лауазымын енгізу ел дамуында маңызды тұрақтандырушы факторға айналды. Президентті жалпыхалықтық сайлау халық пен мемлекеттік биліктің бір­лігін нығайтты, ал соңында Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуы мен ны­ғаюының бүкіл үдерісінің сабақтас­тығы мен жүйелілігін қамтамасыз етті», деп еске алады Нұрсұлтан Назарбаев. Сөйтіп, Мемлекет басшысының айтуынша, іс жүзінде, 1991 жылдың 1 жел­тоқ­санындағы сайлау, бір мезгілде, бас­қару формасы, Қазақстанның бірлігі, еге­мен­­дігі мен тәуелсіздігі туралы жалпыхалықтық референдумға айналды.

Сол тұстағы қарбалас үдерістерге толы оқиғаларға тоқталған Мемлекет басшысы іс жүзінде, осы жағдайлардың бәрі өз Тәуелсіздігі жолымен бара жатқан Қазақ­станның өзіндік халықаралық тұсау­ке­сері іспетті болғанын айтады. Бүтіндей алғанда бұл Қазақстанның бүкіл экономикалық, ішкі және сыртқы саяси кеңістігін жеделдете егемен­ден­ді­ру үдерісі болды. «Бірақ кейбір өзге республикалар ли­дер­лері сияқты біз жауапкершіліксіз та­лаптарды көлденең тосып, сол арқылы халықты босқа дүбірлеткен жоқпыз. Біз оның қайда апарып соқтыратынын анық түсіндік және көрдік - олар қантөгіс, ағай­ынаралық жауластық, түбегейлі жә­не экономикалық колапс. Оған қоса біз «жан-жаққа қашып жатқан» одақтас республикалармен берік экономикалық байланыстарды сақтауға деген үмітті үзген жоқпыз, ыдыраған Одақ орнында нағыз тең құқықты ортақ экономикалық кеңістік құру үшін жұмыс істедік. Және сонымен бір уақытта Қазақ­стан­ның толық егемендік алуға деген бағыты бұлжымас және күмәнсіз бо­латын. Мен бүкіл халықтың қолдауынсыз бұл саясаттың мүмкін емес екенін тү­сіндім, және сондықтан да 1991 жылдың қазанында нормаларына Мемлекет бас­шы­сын бүкіл сайлаушылардың жап­пай дауыс беруі арқылы сайлау туралы норманы қоса отырып «Президент сай­лауы туралы» жаңа заң қабылдауды ұсын­дым», деп жазады Елбасы Н. Назарбаев.

Сөйтіп, Президент көтерген осы ұсыныс сол кездегі парламенттің тиісті шешімімен ресімделеді. Соның нәтижесінде жалпыға ортақ сайлау 1991 жылдың желтоқсанының бірінші күніне бел­гі­ленді. «Енді ғана қабылданған жаңа заңға сәй­кес парламент менің кандидатурамды Президент лауазымына ілге­рі­летті. 1991 жылдың қарашасында өткен ал­ғашқы бүкілхалықтық сайлау науқанын еске түсіре отырып айтарым, менің «қар­сыластарым» кілең мықтылар еді. Бірақ олар нақты саясаткерлер деңгейі­не көтерілгендерден емес-тін. Бұл айқындықтан тыс, бірақ сол қиын ке­зеңде қалыптасқан күрделі ауандағы өте ықпалды себеп болатын», деп еске алады Елбасы. Бұдан әрі Мемлекет басшысы сол жылдардағы сайлау науқанына дайындық барысында бір ай ішінде іс жүзінде Қазақ­стан­ның барлық өңірлерін аралап шыққанын, Қарағандының, Жезқазғанның, Өске­меннің кеншілерімен және металлург­те­рі­мен, Маңғыстау және Жамбыл облыс­тарының тұрғындарымен кездескенін айтады. «Мен жаңа, сол кезде енді ғана игеріле бастаған Теңіз кен орны нысандарында болып, олардың жұмысшыларымен жүз­дес­тім. Орал өңірі мен Алматы облысы­ның ауылдық аудандарында болдым. Семей, Курчатов және Павлодар тұр­ғындарымен кездестім. Біздің астықты орталықтарымыз - Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарын араладым. Мәдениет және өнер қайрат­кер­лерімен, ғылым және шығармашылық ин­теллигенция өкілдерімен кездесулер өткіздім. Қазақстандықтармен осындай тіке­лей тілдесулер барысында мен халық­тың кең қолдауын, оның тарихтың кез келген сынақтарына жариялы және лайықты түрде жауап беруге деген ортақ тілегін, біздің көпұлтты Қазақстанда келісім мен бейбітшілікті сақтауға деген ұмтылысын, ортақ Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолында жұмыс істеуге деген құлшынысын көрдім. Сол алғашқы сайлаулардағы менің сенім білдірілген адамдарыма ризамын. Олар менің шынайы серіктестерім және пікірлестерім болатын», деп жазады Елбасы. «Дауыс беру қорытындыларын қандай толқыныс үстінде күткенім есімде. Және бұл толқыныс ертеңгісін дауыс берудің алдын ала нәтижелері жарияланған кезде тек күшейе түсті. Менің кандидатурам үшін 8 681 276 сайлаушы, немесе барлық азаматтардың 98,78 пайызы өз дауыстарын берді. Бұл абсолютті жеңіс еді! Барлық халықтың жеңісі болатын! Бірліктің талас-тартыс қатерінің ал­дын­дағы жеңісі еді! Бұл егемен Қазақстанның жаңа жеңі­сі болатын! Бірақ, тіпті, сайлаудың алғашқы нә­ти­желері жария етілген сол минутта бар-жоғы екі аптадан кейін Қазақстанның толықтай тәуелсіз мемлекет болатынын ешкімнің де болжай алмағаны анық», деп еске алады Нұрсұлтан Әбішұлы. Кейіннен 1991 жылдың 10 желтоқсанында Н. Назарбаевтың ел Президенті лауазымына кірісуі­нің ресми салтанаты өтті. «Мен 1991 жылдың 1 желтоқса­нын­дағы сайлау қазақтар, орыстар, украиндар, корейлер, немістер, ұйғырлар мен басқа да этностардың - «біздің рес­пуб­ликамыздың бүгіні мен болашағы үшін бір команда болуға шешім қабылда­ған­дардың барлығы» бауырластық қоғам қалыптастыруға негіз қалағандарын атап өттім. Енді маған алдағы мәселелердің бар­лығын шешімді іс-қимыл таныта және барлық халықтың абсолютті қолдауына сүйене отырып шешуге болатын еді. Сол күні менің ұсынысым бойынша біздің мемлекетімізді жаңаша - Қазақстан Республикасы деп атау туралы шешім қабылданды. Ал алты күн өткен соң, барлық ха­лық­тың еркіне орай, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік тәуелсіз­дігі туралы» Заң қабылданды. Бұл тарихта біздің халқымыздың жұлдызды күні ретінде қалады», деп жазады Н. Назарбаев.