Тұңғыш Президент күнін атап өту мемлекет тағдырына тіреу болған Ұлт көшбасшысына деген зор құрмет

АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстанда алғаш рет 1 желтоқсан күні ҚР Тұңғыш Президенті күні - мемлекеттік мереке ретінде аталып өтілмек. Осыған орай, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов студенттер мен жастарды мерекемен құттықтады.

«Қазақстан атты еліміздің, Тәуел­сіздік атты басты құнды­лы­ғы­мыздың си­нони­міне айналған Тұң­ғыш Прези­дентіміз Нұрсұл­тан Әбіш­­ұлы Назар­баевтың тәуелсіздік жолында атқарған істері мен ел үшін еткен еңбегі ұшан-теңіз. Елба­сы­ның тәуелсіздік туын қолға ұста­ғалы бері әлем алдындағы, еліміз халық­тары алдындағы көр­се­тіп келе жатқан ұлан-ғайыр қажыр-қайраты қайран қалдырады», - дейді Е. Сыдықов.

Университет ректорының айтуынша, 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет жалпыхалықтық сайлау өтіп, ел сенімін арқалаған сарабдал саясаткер, әлемдік деңгейде өзіндік орны бар тұлға Н.Назарбаев Мемлекет басшысы болып сайланған болатын.

Сонымен қатар, университет басшысы Қазақстан бүгінде Орталық Азия елдері ішінде экономикасы, әлеуеті дамыған, әлем таныған мемлекет болып дараланғанын атап өтті.

«Ел дамуының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиялық бағдарламасы - Қазақстан-2030 Стратегиясын жүзеге асыру, ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосқан «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы, «еуразияшылдық» идеясының тұжырымдамасын енгізу сынды еліміздің стратегиялық даму бағдарламалары халықаралық деңгейде мемлекеттің абыройын асқақтата түсті», - дейді ректор.

Сонымен қатар, Е. Сыдықов мемлекеттің іргетасын қалаған Тұңғыш Президентіміздің күнімен барша студенттерді құттықтай келе, болашағымыз бекем, мемлекетіміз берік болсын дегенді алға тартты. «Егеменді еліміздің айтулы мерекесін атап өту мемлекет тағдырына тіреу болған Ұлт көшбасшысына деген зор құрмет деп білемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев - қазақ халқының ынтымақтастығын жарастырып, бүкіләлемдік тыныштыққа, дүниежүзіндегі халықтар мен мемлекеттер арасындағы келісімге, дүниежүзілік мәдениетті, бейбітшілікті арттыруға сүбелі үлес қосып, жаңа мемлекеттің келбетін қалыптастырды, елдің болашағын айқындап, экономиканың өрлеуіне ерекше серпіліс берді. Ел тізгінін ұстаған Елбасымен еліміздің болашағы баянды болатынына сеніміміз мол», - дейді Е. Сыдықов.