Тұңғыш Президент Күнін белгілеу туралы шешімді отандастарымыздың дұрыс қабылдайтынына сенімдімін - Сенат Төрағасы
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңының қабылдануына орай Сенат Төрағасы Қайрат Мәми осылай мәлім етті.
«Тәуелсіздіктің қайнар көзі 1991 жылы 1 желтоқсанда еліміз алғаш рет бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде өзінің тұңғыш Президентін сайлап алғаннан басталған болатын. Сондықтан да, бүгін Қазақстан Республикасы өзінің Тұңғыш Президентін сайлаған күн - Мемлекеттік мереке күні болып бекітілді. Бұл шешім арқылы, мен ойлаймын, біз Елбасы Н. Назарбаевтың ұлы тұлға екеніне, көреген кемеңгерлігіне ғана тиісті баға беріп отырған жоқпыз. Бұл шешім арқылы Тәуелсіз Қазақстанның даму жолындағы Президент институтының мәртебесіне және осыдан 20 жыл бұрынғы біздің халқымыздың Президент институтының керектігін өзінің салиқалылығымен таңдағанына тиісті баға беріп отырмыз деп ойлаймын. Сондықтан да, отандастырымыз осы шешімімізді, осы сыйды дұрыс қабылдайды деген сенімдемін», - деді Сенат спикері Қайрат Мәми.
Естеріңізге сала кетейік, сенаторлар бастамасымен қабылданған аталған заң 1 желтоқсанда аталып өтілетін - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күнін белгілейді. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің бірлігін, конституциясын, адам мен адамзаттың құқықтарын және бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы болып табылады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жетістіктері Қазақстан халқының орасан зор шынайы құрметі мен сеніміне ие болды. Осыған орай аталған Заңның қабылдануы арқылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Республикаға сіңірген зор ғаламат еңбегі танылады. Заңды қабылдау мемлекетіміздің азаматтарының отаншылдық рухын арттыра түседі.