Тұңғыш Президент күнінде дүниеге келген астаналық 60 нәресте сыйлықтар алды
15:08, 04 Желтоқсан 2012
АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2012 жылдың 1 желтоқсанында Астана қаласында туған сәбилер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні құрметіне естелік сыйлықтар алды.
Елорданың ресми сайтының мәліметінше, акция қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бастамасы бойынша өтті.
«1 желтоқсан күні Астана қаласында 60 сәби дүниеге келді. Олардың 34 - қыз, 26-сы ұл бала. Сәбилердің барлығы да сыйлыққа кішкентай комбинезондар мен естелік ашық хаттар алды»,- деп хабарлайды қалалық Денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала бөлімінің бастығы Сәуле Нұрашева.
Жаңа туған сәбилерге сыйлықтар тапсыру салтанаты қалалық № 1 және № 2 перинаталдық орталығында, сондай-ақ қалалық перзентханада өтті.