Тұңғыш Президенттің өңірлік һәм жаһандық ауқымдағы бейбітшілікті сақтауда сіңірген еңбегі зор - Мәжіліс спикері

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президенттің ел ішінде де, сондай-ақ өңірлік һәм жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау ісінде де еңбегі зор.

Бүгін Астанада ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Президент. Парламент. Интеграция» атты тақырыпта халықаралық конференция барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов осылай мәлімдеді.

«1 желтоқсанда Қазақстан халқы барынша маңызды саяси мазмұнға толы мереке - ҚР Тұңғыш Президенті күнін атап өтеді. Осыдан 23 жыл бұрын қазақстандықтар өздерінің билікті қалыптастыру мен оның саясатын айқындау бағытындағы егемен құқығын алғаш рет пайдаланды. Бұл күн - Қазақстан халқының республика игілігі үшін дұрыс жолды, күшті президенттік билік жолын таңдаған күні. Бұл күн -қоғамды бірліктің, жасампаздықтың құндылықтарына, экономикалық, саяси, әлеуметтік жаңғыруға жұмылдыратын күн. Бұл күн - біздің халқымыз өздерінің болашағы үшін болатын ауқымды жауапкершілікті Тұңғыш Президентке, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен сенім артқан күні. Ал осынау тарихи сәттегі, Қазақстанның жаңа тарихындағы Тұңғыш Президенттің рөлін, оның тұлғалық қасиетін терең түсіну үшін ең алдымен еліміздің соңғы 20 жылдықтағы бастан өткерген тектоникалық өзгерістерін оймен түйсінген жөн», - деді Қабиболла Жақыпов.

Мәжіліс спикерінің айтуынша, Тұңғыш Президенттің тарихи еңбегі оның экономика жағынан қуатты, демократиялық дамыған, әлеуметтік жауапкершілігі терең, халықаралық қауымдастықтағы әріптестерін сыйлайтын мемлекет қалыптастыруындағы жасампаз қызметтерінде жатыр.

«Тұңғыш Президенттің елдің ішінде де, сондай-ақ өңірлік һәм жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау ісінде де қажырлы еңбегі зор. Семей ядролық сынақ алаңын жабу, қуаты жағынан әлемде төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тарту, ядролық қарусызданудың жаһандық бастамасын жасау, Азиядағы өзара сенім мен іс-қимыл шаралары жөніндегі кеңес, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі, ЕҚЫҰ-ға және Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалық - осының бәрі Қазақстан көшбасшысының өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке, бейбітшілік ісіне қосқан стратегиялық үлесі. Сонымен қатар, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан қуатты, ашық экономиканы қалыптастырудың табысты үлгісін жүзеге асырып, бұны халықаралық сарапшы қауым «Қазақстандық жол» атап кетті», - деді Қ. Жақыпов.