«Қазақстан» және «КAZsport» телеарналары, Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосы Қазақстан-Латвия матчын трансляциялады, деп хабарлады «Қазақстан» ұлттық телеарнасының баспасөз қызметі.
Телерадиокорпорация ЕУРО-2016 додасының Қазақстан аумағындағы ресми таратушысы құқығына ие болып отыр. Яғни, қазақстандық футболсүйер қауым ұлттық құрамамыздың ЕУРО-2016 іріктеу додасындағы барлық ойындарын тікелей эфирден тамашалау мүмкіндігіне ие болып отыр. Ақтық дода Франция жерінде өтеді.
«Атыраудың» жартылай қорғаушысы, әрі Ұлттық құраманың экс-капитаны Андрей Карпович, «Астананың» қорғаушысы, әрі Ұлттық құраманың экс-капитаны Қайрат Нұрдәулетов, «КAZsport» телеарнасының комментаторлары Тимур Сүлейменов және Ермұхамед Мәуленовпен бірге 9 қыркүйек күні «Астана-Арена» стадионынан тікелей репортаж жүргізді.
«КAZsport» бұған дейін де жоғары деңгейдегі турнирлерді көрсету тәжірибесін иемденді. 2012 жылы Польша мен Украина жерлерінен финалдық додадан, ал үстіміздегі жылдың жазында Бразилиядағы футболдан Әлем чемпионатынан тікелей эфир ұйымдастырды.
Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Аллен Шәйжүнісовтың журналистерге хабарлағандай, «ЕУРО-2016 ойындарын трансляциялау - отандық футбол үшін тарихи оқиға. «Бұрындары сыртағы ойындарымызды теледидардан көре алмай келген көрермендер енді бас командамыздың барлық матчтарын тамашалау мүмкіндігіне ие болып отыр», - деп сөзін қорытты А.Шәйжүнісов.
Жеребе нәтижесі бойынша Қазақстан А тобында Голландиямен, Чехиямен, Түркиямен, Латвиямен және Исландиямен ойнайтын болды. Қазақстан және Голландия құрамаларының арасындағы келесі ойын 10 қазанда өтеді.