Тұңғышбай Жаманқұлов шартты түрде сотталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат Алматыда №2 Медеу аудандық судьясы Тәкен Шәкіров «Феникс» кинокартинасына бөлінген қаржыны жымқырды деп айыпталған күдіктілердің ісі бойынша үкім шығарды.

Бас сотталушы Тұңғышбай Жаманқұлов 7 жылға бас бостандығынан айрылды. Судья Тәкен Шәкіров ҚР ҚК-нің рақымшылық туралы бабын ескере отырып Тұңғышбай Жаманқұловтың жазасының жартысын қысқартып, шартты түрде өтеуге үкім шығарды.

«Т.Жаманқұлов ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлімі бойынша айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айрылсын. Тағайындалған жазаны шартты түрде өтесін», - деді Т.Шәкіров.

Сондай-ақ, судья белгілі актерге 5 жыл бойы басшылық қызметке келуге тыйым салды.

Жаманқұловтың бас серіктесі Талғат Жәнібеков та айыпты деп танылып, 7 жылға шарты жазаға кесілді.

«Қазақфильм» АҚ топ-менеджері Гаухар Ысқақова «қызмет бабын асыра пайдаланғаны» үшін 1 жылға бас бостандығы шектелді.

Жобаның атқарушы продюсері Наталья Юдина да 7 жылға бас бостандығынан айрылды. Рақымшылық туралы бапқа сәйкес оның жазасы жартылай қысқарып,  шартты түрде өтелетін болды.

«Феникс» фильмінің түсірілім тобының директоры Мәрлен Әбішев 3,9 жылға шартты түрде, режиссер Бижан Әбішев 3 жылға шартты түрде, Данияр Әбілқасымов 7 жылға шартты түрде, кәсіпкер Илья Коробейников 3,9 жылға шартты түрде сотталды. 

Айта кету керек, аталған іс бойынша сот отырысы 9 наурызда басталды. Сотталушылар «Феникс» фильміне жұмсалған қаржыны жымқырды деп айыпталды.