Түні бойы жүздеген өрт сөндірушілер Афинының маңындағы от жалынымен күресті

АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат - Тілсіз жау Грекия астанасының солтүстігі мен шығысына барынша жақындай түсті,  мыңдаған адамдар өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Ru.euronews.net сайтына сілтеме жасап.

«Жағдай қиын күйінде қалып отыр, - деп мәлімдеді Грекияның премьер-министрі Костас Караманлис. - Адамдар өртпен жанталаса күресуде. Өртті ауыздықтауға қатысқандардың барлығына алғыс айтқым келеді».

Грекияның өрттен қорғау қызметінің деректері бойынша, елде барлығы 90 өрт ошағы шыққан.

Афины іргесіндегі өртті сөндіруге 650-ге жуық өрт сөндіруші, 340-тан астам жауынгер және 130-дан астам бірлік техника жұмылдырылған.