Тунистің бұрынғы президентіне халықаралық іздеу жарияланды

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - Интерпол Тунистің экс-президенті мен оның отбасы мүшелерін тұтқынға алуға берілген ресми хабар таратты.

"Экс-президенттің елінде оған аса ірі көлемде мемлекет мүлігін жымқырды және қаржылық айла-амалдар жасады деген айыптар тағылуда", - деп хабарлайды «Эхо Москвы» радиостансасы.

Естеріңізге сала кетейік, Тунисте 14 қаңтарда төңкеріс болған еді. Бүкіл елде бір айға созылған халық толқуларының соңы биліктің ауысуына әкеліп тіреді. Тәртіпсіздіктер барысында 80-нен астам адам қаза болды, жүздеген адам жараланды.

Президент бен Әли отбасымен Сауд Арабстанына қашып кетіп, ертесіне тағынан тайдырылды.