«Тур де Франс» көпкүндігі мәреге жақындады

АЛМАТЫ. 21 шілде. ҚазАқпарат - Францияда биыл 99-шы рет өтіп жатқан «Тур де Франс» көпкүндігі 22 шілде күні аяқталады.

 30 маусымда басталған бұл дүбірлі додада қазір Қазақстанның «Astana Pro Team» командасы   18 турдың қорытындысы бойынша «RadioShack-Nissan»,  «Sky Procycling»,   «BMC Racing Team» командасынан кейін төртінші орында келе жатыр.  Ал жекелей сында негізгі жіктелімде «астаналықтар» сапынан словениялық Янец Брайкович 9-шы, Борут Бозич 131-ші, қазақстандықтардан Александр Винокуров 32-ші,Дмитрий Фофонов 64-ші, Андрей Кашечкин 78-ші, Максим Иглинский 118-ші,  швециялық Фредрик Кесьякофф 40-шы, украиналық Андрей Гривко 44-ші орында келе жатыр. Үздіктер көшін Team Sky командасының ұлыбритаиялық велошабандозы Брэдли Уиггинс бастап келе жатыр.

Енді спортшылар бүгін 19-турда Бонневаль мен Шартр арасындағы 53,5 шақырымдық бәсекені өткізеді. Ал  ертең Рамбуйе мен Париж  120 шақырымдық тегіс жолда ақтық 20-турды өткізеді.  Елисей алаңында мәреге жететін бұл додада биылғы «Тур де Франс» көпкүндігінің жеңімпаздары мен үздік командалары марапатталатын болады.