«Тур де Франс» көпкүндігінің 18-кезеңін Энди Шлек жеңді, Иглинский мәреге 11-ші келді

АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Кеше «Тур де Франс» велокөпкүндігінің 18-кезеңінде Люксембург спортшысы Энди Шлек көмбеге бірінші болып келді.

Ол өзінің ағасы Фрэнк Шлектен және «BMC Racing Team» командасының көшбасшысы Кэдал Эванстан екі минутқа озып кетті.

Қазақстандық клуб «Астана» сапынан ең үздік нәтижені Максим Иглинский көрсетті. Ол жарыста пелотоннан оқ бойы озып, кезең бойы алда жұмыс жасап отырды. Дегенмен көмбе таяп қалғанда Энди Шлек ұшқырлық танытып, Максимді озып кетті. Кейін пелотонның алды «Астана» велошабандозын кейінге шегеріп тастады. Максим мәреге 11-ші келді.

Көпкүндіктің жалпы есебінде әлі күнге дейін «Team Europcar» клубының велошабандозы Томас Воклер көш бастауда.

Кешегі жеңісінен кейін Энди Шлек жалпы есептегі уақытын жақсартып, сары жейденің иегері Т. Воклерден 15 секундқа ғана қалыс қалып отыр. «Астаналықтардың» қатарында ең жақсы нәтижеге қол жеткізген Андрей Зейц 38-орында, ол көшбасшыдан 1сағатқа жуық уақыт қалып келеді.