«Тур де Франс» жеңімпазы Винченцо Нибали Астана тұрғындарына қолтаңбалар берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордаға «Astana Pro Team» велокомандасы келді: шабандоздар Якоб Фульсанг, Микель Скарпони, спорт директоры Александр Шефер және «Тур де Франс» турнирінің жеңімпазы, команда капитаны Винченцо Нибали, деп хабарлады Sports.kz.

Олар елордаға кеш келгеніне қарамастан, спортшыларды қарсы алушылар аз болмады. Атақты шабандоздар жанкүйерлерге қолтаңбалар беріп, олармен ескерткішке суретке түсті.

«»Мен Қазақстанға әрқашанда үлкен ықыласпен келемін. Өткен жылы Астанаға Джиродағы жеңістен кейін, «Астана» Президенттік кәсіби клубының таныстырылымына келгенмін, міне, бүгін тағы да келіп тұрмын. «Тур де Франстағы» жеңісті Қазақстанның барлық жанкүйерлерімен бірге атап өтуді парызым деп санаймын», - деп әңгімеледі журналистерге Винченцо Нибали.

Ол сондай-ақ жуырда болған үлкен жеңісінен алған әсерлерімен бөлісті.

«Қорытынды кезеңнен кейін Парижде мұндай үлкен жеңістің бақытын сезінуге тырыстым. Әрине, біз онда жеңісімізді атап өттік. Бұл күн менің есімде өмір бойы сақталады», - деді ол.

Таяудағы күндерде шабандоздар қазақстандық жас спортшылар үшін шеберлік сабағын өткізеді, УЕФА-ның Еуропа Лигасының «Астана-Вильярреал» матчын тамашалайды, ҚР Конституциясы күніне арналған бұқаралық салтанатты веложарысқа қатысады.