***
«Егемен Қазақстан» басылымында «Ауыл дегенде несиенің жолы ауыр» атты мақала берілді. «Бүгінде: «Осы жұрт несиенің несіне қызығады?» деп ешкімді жазғыра алмайсың. Тірліктің көзін тапқандар осы несиенің арқасында шаруасын дөңгелетіп, жұмыс орнын ашып, табысын еселеп жүр. «Күнім тез өтсін десең, несие ал» деген екен біреу. Шынында, несие төлейтін күннің демде, зу етіп келіп қалғанын білмей де қаласың. Сондықтан бұл қаржыға қол жеткізгендер қарап жатпайды. Ақшаны ақша табады. Әрине, Үкімет тарапынан шаруаларға, кәсіпкерлерге бұл мәселеде көптеген жеңілдіктер жасалған. Әйтсе де, ауылдағы кетпен шапқан диқан қауым әлі де осы несиеден несібесін айыра алмай отырған жағдайы бар. Не сиқыры бар екенін қайдам, әйтеуір, несиенің ауыл дегенде жолы ауыр», деп жазады газет бүгінгі санында.
Осы басылымның жазуынша, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қытай тілі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Дүкен Мәсімханұлы жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ы.Алтынсарин» медалімен марапатталды. Профессор Дүкен Мәсімханұлының бүгінге дейін 20-дан астам кітабы жарық көрген болса, соның біразы қытай тілі мен әдебиетіне қатысты оқулықтары мен оқу құралдары. Бүгінге дейін ғалым-ұстаздың 300-ден астам ғылыми-зерттеу, ғылыми-танымдық және оқу-әдістемелік еңбектері республикалық және шетелдік басылымдарда жарық көрді.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, таяуда Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінде полиция қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес пен мекемеішілік тәртіптік кеңестің біріккен жиыны өтті. Бұл басқосуды БҚО ІІД бастығы, полиция полковнигі Махамбет Абисатов ашып, жүргізіп отырды. Тура осы жиында Зеленов аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері полиция капитаны Азамат Ниетқалиев пен полиция лейтенанты Қуаныш Сәбитовтің мәселесі қаралды. Бұл екеуі биылғы наурыз айының 14-і күні Орал қаласының түбіндегі Круглозерный елді мекенінің тұсында ауып қалған түркиялық жүк көлігін тонаған. Мұны көрген жолаушылар дереу полицияға хабарлайды. Шұғыл із кесіп, іздестіруге кіріскен полицияның түнгі кезекшіліктегі «Үкі» тобы әлгі екеуін қолға түсіреді. Бүгіндері ҚР Қылмыстық кодексінің 178-бабы 2- бөлімінің «в» тармағы бойынша (ашық тонау) қылмыстық іс қозғалып, айып тағылған капитан Ниетқалиев тергеу абақтысында. Бұл материал «Тәрбиесі нашар полицейлер жазаланды» деген тақырыппен берілді.
Осы басылымда «Жүз жоғары оқу орны қалады» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Білім және ғылым министрі Үкімет үйінде лоббистердің өзіне қарсы жүргізіп жатқан шабуылына шағымданды. БҒМ басшысы бұған дейін де жекелердің ЖОО-ларын жабамын деп, «миллиардтаған қаржылар мүддесіне» қайшы келіп қалғандығын, нәтижесінде, сол миллиардтардың иелері өзіне өре тұра қарсы шыққандығын мәлімдегені есте. Бірақ бұл жолы олардың тізесі қатты батты ма, кім білсін, Бақытжан Жұмағұлов биік лауазымды лоббистердің аттарын нақ атауға шақ қалды. Әйткенмен бар күшін жиып, қоймай-қоймай тықақтаған журналистердің «арандатуына» бой бермей, тағы да «емексітіп» барып, аяғын жиды. Министрлер кабинетінің кешегі отырысында Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов қазақстандық жоғары оқу орындарының саны алда тағы күрт қысқартылатындығын мәлімдеді. Сөз басында министр отандық ЖОО-лардың «академиялық еркіндігі» және «автономиялылығы» арттырылып жатқандығын хабарлады.
***
«Алаш айнасы» гезетінің жазуынша, Орталық Азия ғана емес, ТМД шеңберінде озық саналатын мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісі реформаның тағы бір тың толқынын бастан өткермек. Өйткені кешеден бастап бұған дейін ел Парламенті қолдап, Мемлекет басшысы қолын қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет мәселелерi бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңы өз күшіне енді. Жаңа заңның жаңалықтары туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов біршама түсінік берген болатын. Бұл жайында «Мемлекеттік қызмет «бастықсыз» қалды» атты мақалада жазылған.
«Басынан бағы тайған, қу мен қазы азайған, Балқаштың татар дәмі, көрер қызығы туралы кем жазылып жүрген жоқ. Жеріне жете айтылып, жетемізге құйып бергендей-ақ. Елдегі ірі көлдер үштігіндегі Балқаштың бағы мен соры хақында қаны сорғалаған мәселелер бар. Көлдің басында көкейді тескен көп жайт бар. Десек те... Бұйырса, көлдің маңында туризмнің көрігі қызып, базары тарқамайды деген дәмеміз таудай. Бүгінгі жұпыны тірлігі дүр сілкініп, қыран құстай қайта түлейді деген үмітті Үкімет мүшелерінің кеңесінде Елбасы тұтатып берді. Сол «үмітті сәуле етіп көз көп қадалған» (Абай) кейіпте отыр жұртшылық...», деп жазады «Алаш айнасы» бүгінгі санындағы «Балқаштың бағы ашылар күн бар ма?» атты мақалада.