Тұрақтандыру қорларын құруды көздейтін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды - Сенат

АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіп кешенді дамыту және қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралды» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Еске салсақ, құжатқа Парламенттің бір топ депутаттары бастамашылық жасаған болатын. Бұл ретте заң жобасымен азық-түлік қорын ұйымдастыру және оны пайдалану тәртібін, ережелерін заңдастыруды қарастырады. Осыған орай, құжатқа сәйкес азық-түлік тауарларының өңірлік Тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану шаралары көзделеді. Тұтастай алғанда Тұрақтандыру қоры Қазақстанның тиісті әкімшілік-аумақтық бірлігіндегі аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал жасау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын, астықты қоспағанда басқа азық-түлік тауарларының жедел қоры болады деп көзделеді.

Ал Тұрақтандыру қорларын құрудың қажеттігі азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бағасының маусымаралық кезеңде ауықтуларға ұшырайтындығына байланысты болып табылады. Атап айтқанда, өнім жаппай өндірілген кезеңде бағалар төмендеп, өндірушіге нұқсан келтірсе, ал маусымаралық кезеңде керісінше бағалар күрт өсіп, тұтынушыға нұқсан келтіріп жатады. Қор сақталу мерзімі 6 айдан асатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі бойынша қалыптасатын болады.

Сонымен бірге, заң жобасымен өсімдіктерді қорғаудың инновациялық әдістерін енгізуді көздейтін нормалар енгізілді. Осыған орай, республикамызда қолданылатын отандық өндіріс гербицидтерінің ассортименті өте аз екендігін ескере отырып, депутаттар шығатын еліне қарамастан гербицидтердің барлық түрлерін субсидиялауды ұсынады.