Президент Конгресс-Холлда өткен салтанатты шара барысында сөйлеген сөзінде, қазіргі әлемде орын алып жатқан үрдістерге қарамастан, Қазақстанда жұмыссыздық ауыздықталып, жаңа еңбек орындары құрылып жатқанын, қарапайым халыққа бизнеспен айналысуға жолдар ашылып, тұрғын үй түйіткілдерін шешу мәселелері тоқтатылмағанын атап өтті.
Елбасы, дағдарыстың салдарынан бүгінде көптеген елдер кедейліктен арыла алмай, 250 млн.-нан астам адам жұмыссыз қалғанын, 1 млрд.-қа жуық адам толыққанды тамақтанбай не болмаса ашығып отырғанын, жыл сайын 5 млн.-ға жуық бала аштықтан көз жұматынын айтты. Оның сыртында ғаламшарды бірінен соң бірі қасіретке батырып отырған техногендік және табиғи апаттар бар. Бір елдер өршіген ұлтаралық және дінаралық жанжалдардың алдында шарасыз. Күнсайын ондаған адамдар қақтығыстардың құрбаны болуда.
Президент сондай-ақ, көршілес Қырғызстандағы тұрақсыздықтан қаза болған 380 азаматты, Солтүстік Африкадағы ахуалды, экономикасы ондаған млрд. АҚШ долларын жоғалтқан Мысыр елін мысалға келтірді.
«Міне, ауызбіршілік, тәртіп пен тұрақтылық болмаған елдің ертеңі осындай болады. Менің қоғамдағы тұрақтылық пен бір-біріне деген құрмет жайында әрдайым айтуымның себебі осы. Тек тұрақтылық жағдайында ғана дамуға жол бар. Өзгеше болуы мүмкін емес. Жыл сайын әлемде 30-ға жуық әскери қақтығыстардың ошағы тұтанады. Көптеген елдер мен халықтар тұрақсыздық пен бұлдырлы болашақтан зардап шегіп отыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, біздің елде жағдай бұған мүлдем қарама-қайшы. Біз Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде экономиканы 12 есеге арттырдық. Ешбір жас мемлекет өзінің алғашқы 20 жылындағы дамуында мұндай қарқынға қол жеткізген емес», - деді Н.Назарбаев.