«Тұран» футболдан Бірінші лига ойындарын сәтсіз бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының бірінші турының алғашқы ойын күні өтті. 

Фото: «Тұран» футбол клубы

Доп додасы 2 сәуірде басталып, 22 қазанда мәресіне жетеді. Онда барлығы 14 команда бақ сынайды.

Қазақстандық жанкүйерлер тарапынан «Тұран» (Түркістан) — «Академия Оңтүстік» (Шымкент) кездесуіне ерекше қызығушылық болғаны рас. Былтыр Премьер-лигадан түсіп қалған түркістандық команда биыл команда құрамын күшейтіп, алдағы жылы қайтадан үздіктер қатарынан көрінуді қалайды. Дегенмен олар алғашқы турда ойламаған жерден қарсыласына есе жіберіп қойды.

Кездесу барысында шымкенттік клубтан Әділбек Жәнібекұлы 3-минутта есеп ашса, 7-минутта түркістандық командадан Қуаныш Дүйсенбекұлы таразы басын теңестірді.

Ойынның 79-минутында «Академия Оңтүстік» сапынан Әлібек Қалдар кездесу нүктесін қойды.

Осылайша «Тұран» қарсыласына 1:2 есебімен жол беріп, біріншілікті сәтсіз бастады.

Сондай-ақ Оралдың «Жайығы» сырт алаңда Түркістан облысының «Арысын» 1:0 есебімен жеңсе, «Хан тәңірі» (Алматы) мен «Каспий-Ж» (Ақтау) 2:2, «Тобыл-Ж» (Қостанай) мен «Елімай-Ж» (Семей) 1:1 есебімен тең түсті.

Енді 3 сәуірде «Қайрат-Ж» (Алматы) мен «Шахтер» (Қарағанды), «Тараз» бен «Екібастұз» (Павлодар облысы), «Астана-Ж» мен «Ақтөбе-Ж» ойнайды.

Ал екінші тур ойындары 16 және 17 сәуір күндеріне белгіленген.