АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласындағы «Барыс арена» стадионында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының қорытынды кезеңі мәресіне жетті.
Қола жүлде үшін бәсекеде соңғы ойында сербиялық маман Владимир Васович жаттықтыратын «Берел» (Өскемен) мен Түркістанның «Тұраны» (бас бапкері Асқар Шалқыбеков) алаңға шықты.
Осыған дейін үшінші орын үшін тайталаста қос команда бір-бірден жеңіске жеткен еді. Бұл жолы алғашқы екі партияда өскемендіктер басымдылық танытты — 25:19, 25:22.
Бұдан кейін түркістандықтар камбэк жасай білді — 25:21, 25:23, 15:7. Қорытынды есеп — 3:2.
Осылайша, «Тұран» үздік үштікті түйіндесе, «Берел» биыл жүлдесіз қалды.
«Алматы» командасы «Қарағандыны» 3:0 есебімен ұтып, қорытынды есепте бесінші орынға көтерілді. Соңғы ойында «Астанадан» айласын асырған «Ақтөбе» клубы қарағандылықтарды ығыстырып, 6-сатыға көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісу» волейбол клубының оныншы рет Қазақстан чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).