Тұран жолбарысын жерсіндіру: Келер жылы Ресейден Балқашқа 3-4 жолбарыс әкелінеді

АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Тұран жолбарысы популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жөнінде айтып берді. Осылайша Қазақстан аумағында 70 жылдан кейін алғашқы жабайы жолбарыстар пайда болмақ.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Министрдің айтуынша, биыл Тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқысын тарихи мекенінде жерсіндіру бойынша екі үлкен жоба белсенді жүзеге асуда.

Жолбарыстарды тарихи мекеніне қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында Алматы облысында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты құрылды.

− Жолбарыстың табиғи азық қорын қайта қалпына келтіру үшін 2018-2024 жылдары резерват аумағына 205 тоғай бұғысы әкелінді, 100-ден астам құлан көшірілді, еліктер мен қабандар популяциясы көбейтілді. Биыл күзде Іле-Балқаш резерватында арнайы торлы қоршауда өсіру үшін Нидерландыдан 2 жолбарыс әкелінді, - деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, 2025 жылы Ресей Федерациясынан 3-4 жолбарыс алып келу күтілуде.

− Әкелінген жолбарыстардың тұқымдары Қазақстан аумағында 70 жылдан кейін қайта пайда болған алғашқы жабайы жолбарыстар болады деп үміттенеміз, - деді Е. Нысанбаев.

Еске сала кетсек, Богдана және Кума есімді қос жолбарыстың елге келуі Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мен БҰҰ-ның Даму бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Көшіру процесі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Нидерланды орталығы арасындағы меморандумға қол қоюдан басталып, жолбарыстардың тұқымын көбейту үшін ақысыз негізде әкелінген.