Бұл туралы министрліктің 2024-2026 жылдарға арналған бюджет жобасында айтылған.
«Тұран жолбарысын реинтродукциялау үшін жағдай жасау және Ұлытау таулы алқабының табиғи және тарихи-мәдени объектілерін сақтауға жәрдем көрсету» деп аталатын бюджет бағдарламасының аясында Балқаш маңынан жойылып кеткен Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру көзделіп отыр.
«Бюджеттік бағдарламаның түпкілікті нәтижесі - құланды «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи қорығының аумағында қайта жерсіндіру. Осылайша 2024 жылы - 17, 2025 жылы - 17, 2026 жылы - 17 құлан жіберіледі», - деп жазылған бағдарлама жобасында.
Құжаттан 2022 жылы аталмыш қорыққа 13 құланның жіберілгенін көруге болады.
Бюджеттік бағдарлама аясында жобаға грант есебінен 2024 жылы - 159 млн 800 мың теңге, 2025 жылы - 80 млн 110 мың теңге, 2026 жылы - 80 млн теңге қарастырылған.
Сондай-ақ грантты бірлесіп қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен 2024 жылы - 383 млн 10 мың теңге, 2025 жылы - 329 млн 566 мың теңге, 2026 жылы - 129 млн 581 мың теңге жұмсалмақ.