«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, жекешелендірудің екінші толқыны аясында мемлекеттік нысандар тек электронды сауда-саттық арқылы ғана сатылатын болады. Осыған орай кеше Қаржы министрлігінде Мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында мүлікті сату бойынша электронды сауда-саттықтардың семинар-тұсаукесері өтті.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Эдуард Өтеповтің мәлімдеуінше, жекешелендірудің екінші толқыны аясында мемлекеттік мүлік нақты шарттармен сатылады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қаржы министрлігінің электронды сауда-саттық алаңының қызметі кеңейіп келеді. Мәселен, жекешелендірудің екінші толқынының нысандарын сату үшін жекешелендіру нысандарын сату қағидасына электронды коммерциялық тендер және конкурс енгізу бөлігіне өзгерістер енгізілген. «Алаңда тек мемлекеттік меншік қана емес холдингтер бойынша да барлық бәсекелес сауда-саттықтарды өткізу жоспарланып отыр. Электронды тендер мен конкурсты енгізу нысандарды нақты шарттармен сату мүмкіндігін береді», - деді ол. Мақала «Жекешелендіруде сауда-саттық электронды болады» деген тақырыппен берілген.
«Соңғы күндері өткен футболдан Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы үшінші раундының қарымта матчтарының қорытындысы бойынша Қазақстанның осы сайыстарға қатысқан үш командасының екеуі келесі плей-офф кезеңіне өткені белгілі болды. Атап айтқанда, «Астана» және «Ақтөбе» командалары ілгері жылжыды да, Қарағандының «Шахтері» жарыс жолынан шығып қалды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның жазуынша, кеше Еуропа лигасында плей-офф раундының жеребесі тасталды. Оның қорытындысы бойынша «Астана» испанның «Вильярреал», ал «Ақтөбе» польшалық «Легия» командаларымен кездесетін болды. Матчтар 21 және 28 тамыз күндері өтеді.
«Қазақстандық туризмді ресейлік туркомпаниялар көтермейді. Өйткені, солтүстік көршімізде осы сала құлдырап, әлемдегі барлық курорттық аймақтар Ресей Федерациясынан келетін саяхатшылардың саны күрт төмендеп кеткендігін жариялауда», деп жазады «Айқын» газеті сенблік санындағы «Турфирмалар негізсіз тексеріске наразы» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, көршімізде орын алып жатқан осы жайттардан кейін еліміздің Ұлттық кәсіпкерлік палатасы өзінің Туристік сала комитетінің хатшылығы арқылы секторда кең ауқымды сараптамалық зерттеу жүргізіпті. Оның нәтижесінде, туристік қызметте бірқатар проблемалық түйткілдер анықталуда. Сұрау салу барысында Қазақстан турфирмалары салық органдары тарапынан санкцияланбаған тексерістердің жүріп жатқандығына жаппай шағымданған екен. Турфирма басшылары осы «ревизорлық сапарлардың» көпшілігі еш негізсіз болғанын айтқан: салық комитеті қызметкерлері қандай негізге сүйеніп, тексеріп отырғандарын түсіндірмеген немесе «ойдан шығарылған» себептерді алға тартыпты. «Тағы бір қызығы, ҰКП мәлімдеуінше, тексеріс іс-шаралары үлкен мерекелер, яғни ұзақ демалыстар қарсаңында қызады екен. Өз құқықтарын қорғауға тырысқан турфирма басшылары прокуратураға шағымдар жазады. Бірақ салық органы Салық кодексінің 632-бабына сілтеме жасап, жауапкершіліктен құтылып кететін көрінеді. Ол бапта салықтық тексеруді жүргізудің жалпы негіздері ғана берілген», деп жазады басылым. Қазақстан Ресейге қос азаматтық алу фактілерін жою жөнінде ұсыныспен шықты. Бұл ұсыныс кеше Астанада еліміздің Бас прокуроры Асхат Дауылбаев пен РФ Бас прокурорының орынбасары Юрий Пономаревтің қатысуымен өткен, Қазақстан-Ресей шекара маңы прокуратуралары басшыларының кездесуінде жария етілді. Бұл үшін екі мемлекеттің көші-қон органдарының мәліметтер базасын интеграциялау талап етілетін көрінеді. Осы жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінің сенбілік санында «Екі елден қатар нан жеген...» деген тақырыппен берілді. Басылымның жазуынша, Қазақстанда тұрғындарға біз¬дің көгілдір төлқұжатымыздың сыртында, басқа елдің паспортын иеленуге тыйым салынған. Ресей де жақында, Қырымды қосып алғаннан кейін іле-шала «қос азаматтығы» барлар үшін үлкен айыппұл салатын, тіпті абақтыға қамайтын заң қабылдады. Бірақ соған қарамастан, әсіресе, қазақ жерінде ресейлік азаматтығы да бар адамдар қатары көбеймесе, азаяр емес. «Ең сорақысы сол, Бас прокуратураның мәліметінше, құқық қорғау органдары тіпті ондай адамдардың мемлекеттік қызмет атқарып жүру фактілерін де әшкерелеуде. Соның ішінде «жасырын» Ресей азаматтары біздің депутаттар арасында да бар екен!», делінген мақалада.