Түрген – Ассы жолын су шайып, құтқарушылар 58 адамды эвакуациялады

АСТАНА. KAZINFORM – Нөсер жауын-шашын салдарынан Түрген шатқалындағы Түрген өзенінде су деңгейі күрт көтеріліп, соның салдарынан Түрген-Ассы автожолының жекелеген учаскелерін су шайып кетті.

Фото: Видеодан скрин

Су басқан аймақта 17 киіз үй орналасқан. Сонымен қатар, «Водник» бау-бақша серіктестігіндегі төрт аула аумағын су басты.

— Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ құтқарушылары 58 адамды, оның ішінде 21 баланы және 8 шетел азаматын эвакуациялады, — делінген министрлік хабарламасында.

Эвакуацияланған азаматтар үшін ТЖМ-нің вахталық көлігі ұйымдастырылды. Зардап шеккендер жоқ.

Оқиға орнында құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, сел қаупі бар жағдайға мониторинг жүргізіліп, авариялық-қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда. Жағдай ТЖМ-нің тұрақты бақылауында.

Салдарды жою жұмыстарына жалпы ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар және өзара іс-қимыл жасайтын қызметтердің 300-ге жуық жеке құрамы мен 44 техникасы жұмылдырылды. 

Айта кетейік, Алматы облысында автожол мен демалыс аймақтарын су басқан еді.