— Бүгінде тұрғын үй саясатының жетістігі негізінен құрылыс көлемі, пайдалануға берілген тұрғын үйдің шаршы метрі және берілген ипотекалық қарыздар саны арқылы бағаланады. Алайда, бұл көрсеткіштердің өсуі тұрғын үйдің қолжетімділігі артқанын білдірмейді. Мәселен, 2026 жылғы тамызда тұрғын үйді жалдау ақысы жылдық мәнде 17,1%-ға қымбаттады. Ал бірінші тоқсанда халықтың жан басына шаққандағы нақты табысы небәрі 0,1%-ға өскен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша медианалық жалақы 317 мың теңгені, ал ең көп таралған жалақы мөлшері 116 мың теңгені құрады. Сондықтан орташа жалақыға негізделген есептеулер қазақстандық орташа отбасының нақты қаржылық мүмкіндіктері туралы шынайы жағдайдан жоғары түсінік қалыптастыруы мүмкін, — деді ол.
Депутаттың айтуынша, халықаралық тәжірибе тұрғын үйдің қолжетімділігін бағалаудың неғұрлым нақты тәсілдерін ұсынады. Мысалы, Ұлыбританияда тұрғын үйдің медианалық бағасы мен медианалық жалақының арақатынасы салыстырылады. Еуропалық Одақ елдерінде тұрғын үйге жұмсалатын шығындары қолда бар табысының 40%-ынан асатын азаматтардың үлесі есептеледі. Канадада тұрғын үй оның құны, сапасы және алаңының жеткіліктілігі бойынша кешенді бағаланады. АҚШ-та табысының 30%-дан және 50%-дан астамын тұрғын үйге жұмсайтын отбасылар бөлек есепке алынады. Сингапур мен Ирландияда ипотекалық және борыштық жүктеме қарыз алушының табысына қатысты шектеледі.
Осыған орай Бөріхан Нұрмұхамедов тұрғын үй қолжетімділігінің өңірлік көрсеткіштерінің ресми жүйесін енгізу орынды деп санайды.
Есептеулердің негізіне үй шаруашылығының медианалық табысы алынуға тиіс. Тұрғын үйдің құны нақты жасалған мәмілелерге, кредиттеудің нарықтық талаптарына және тұрудың толық құнына қарай айқындалуы қажет. Әдістеме мынадай көрсеткіштерге негізделуі тиіс:
— қолжетімділік коэффициенті: стандартты тұрғын үйдің нарықтық құнының отбасының бір жылдық медианалық табысына арақатынасы;
— жүктеме көрсеткіші: қолда бар табыстың ипотекалық төлемге, жалдау ақысына және коммуналдық шығындарға жұмсалатын үлесі;
— жинақтау кезеңі: отбасының бастапқы жарнаны қалыптастыруына қажетті нормативтік мерзім;
— біліктілік кедергісі: банктердің талаптары мен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының өлшемшарттарына нақты сәйкес келетін отбасылардың үлесі;
— отбасы бюджетіне түсетін жүктеме: бюджетінің 30%-дан, 40%-дан және 50%-дан астамын тұрғын үйге жұмсайтын үй шаруашылықтарының үлесі.
— Ақпаратты өңірлер, елді мекендердің түрлері және отбасы санаттары бойынша егжей-тегжейлі көрсету қажет. Бұл көрсеткіштер жеңілдетілген ипотека, сатып алу құқығымен жалға беру, тұрғын үй сертификаттары мен өңірлік бағдарламаларды әзірлеу кезінде қолданылуға тиіс. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесі берілген кредиттер санын ғана арттыру емес, отбасылық бюджетке түсетін нақты жүктемені азайту болуы керек, — деді Құрылтай депутаты.
Осыған орай депутат азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің ғылыми негізделген және әділ тәсілдерін енгізу мақсатында Үкіметтен ұсынылып отырған әдістемені жан-жақты зерделеп, төмендегі ұсыныстар бойынша ресми ұстаным білдіруді сұрады:
— тұрғын үй қолжетімділігінің өңірлік көрсеткіштері жүйесінің бірыңғай әдістемесін бекітудің орындылығын бағалап, үш ай ішінде 2024-2026 жылдар бойынша барлық өңірге қатысты пилоттық есептеулерді ұсыну;
— 2027 жылдан бастап көрсеткіштерді тоқсан сайын жариялайтын, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығы үшін есептеу алгоритмдерін ашатын ашық цифрлық панельді іске қосу мүмкіндігін қарастыру;
— жеңілдетілген ипотека, сатып алу құқығымен жалға беру және тұрғын үй сертификаттарын беру шарттарын әрбір өңірдегі тұрғын үйдің нақты қолжетімділік деңгейімен міндетті түрде байланыстыру мүмкіндігін зерделеу;
— қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларына бағалау жүргізіп, олардың отбасылардың тұрғын үй сатып алуға жұмсайтын нақты шығындарын азайтқан-азайтпағанын көрсету.
Бұған дейін депутат Нұрлан Дулатбеков университеттердің корпоративтік басқару тетіктерін күшейтіп, олардың жауапкершілігін арттыру қажеттігін айтқан еді.